«Таза Қазақстан»: елордалық оқушылар әлеуметтік орталық тұрғындарына өздері өсірген көкөністерді сыйға тартты

«Таза Қазақстан»: елордалық оқушылар әлеуметтік орталық тұрғындарына өздері өсірген көкөністерді сыйға тартты

Астанадағы №46 «Балабақша-мектеп-гимназия» кешенінің тәрбиеленушілері, оқушылары, ата-аналары мен ұстаздары қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Әлеуметтік бейімдеу үйінің тұрғындарын зиярат етті. «Күзгі алғыс» атты іс-шара жас ұрпақ үшін мейірімділік пен құрметтің үлгісіне айналды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Балалар орталыққа құр қол келмей, ұстаздарымен бірге мектеп жанындағы бақта өздері өсірген күзгі өнімдерін – көкөністерін сыйға тартты. Бұл экожоба «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды акция аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба оқушыларға табиғатқа ұқыпты қарауды үйретіп, экологиялық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар балалар қонақтарға арнап ән шырқап, өлең оқып, би билеп, шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Олардың мақсаты – орталық тұрғындарына қамқорлық танытып, көңілдерін көтеру.

Бұл іс-шара «Адал ұрпақ – Адал азамат» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың практикалық сабағы болып саналады. Бағдарлама еліміздің адал, жауапты әрі белсенді азаматтарын тәрбиелеуге бағытталған.

«Осындай бастамалар балаларды ең басты құндылықтарға – ізгілік пен адалдыққа баулиды. Біз тек оқушы тәрбиелемейміз, қоғамға жақсылық жасап, үлес қосатын болашақ азаматтарды өсіреміз», – деді кешен директоры Р.Қасқабаева.

#ТазаҚазақстан  #экология  #TazaChallenge @TazaQazaqstan