Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Бұл туралы толығырақ елорда Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова Астана қаласы коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Байқаудың мақсаты – әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және ел тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандар мен инновациялық бастамаларды анықтап, ынталандыру.
Негізгі міндет – әлеуметтік қызметкер мамандығының беделін арттыру, озық тәжірибелерді енгізуге серпін беру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы үздік тәжірибелерді тарату.
Конкурс жеті номинация бойынша өткізіледі, олар әлеуметтік жұмыстың негізгі бағыттарын қамтиды:
• «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»;
• «Үйде қызмет көрсететін ұйымның үздік әлеуметтік қызметкері»;
• «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
• «Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің үздік қызметкері»;
• «Әлеуметтік педагог» (арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде);
• «Еңбек мобильділігі орталығының (карьералық орталық) үздік қызметкері»;
• «Үздік әлеуметтік жоба».
«Конкурс ережесіне сәйкес, қатысушылар өтініммен бірге таныстырылым материалдарын және өз жұмысы немесе жобасы туралы қысқаша бейнеролик дайындауы тиіс. Өтінімдерді 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін www.qamqor.enbek.kz онлайн-платформасы арқылы жолдауға болады», – деді Айгүл Таласова.
Байқау екі кезеңде өтеді: өңірлік және республикалық.
Арнайы комиссия жеңімпаздарды бірнеше категория бойынша таңдайды, бұл ретте ашықтық пен объективтілік қағидаттары сақталады. Бұдан бөлек, платформада электрондық цифрлық қолтаңба арқылы халықтық онлайн-дауыс беру жүргізіледі. Оның нәтижелері жеңімпаздарды анықтау кезінде ескеріледі.
Сонымен қатар конкурс аясында бірыңғай #СоциальныйФлешмоб, #Әлеуметтікфлешмоб хэштегтерімен әлеуметтік челлендждер сериясы іске қосылды. Олардың тақырыптары: «Әлеуметтік қызметкердің бір күні», «Жақсылық ұшқыны», «Әлеуметтік идея» және «Әлеуметтік қызметкерге алғыс».
Конкурстың қорытындысы 24 қазанда, Әлеуметтік қызметкер күні қарсаңында, Астанада өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде жарияланады.
«Барлық әлеуметтік сала мамандары мен ұйымдарды конкурсқа белсенді қатысуға, өз жетістіктерін көрсетуге және елдің әлеуметтік саласын дамытуға үлес қосуға шақырамыз», – деді спикер.
Конкурсқа қатысу мәселелері бойынша кеңес алу үшін 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Толық ақпарат байқаудың ресми сайтында жарияланған: www.qamqor.enbek.kz.