Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Бейбітшілік пен келісім саябағы ашылғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Елордамыз күннен-күнге құлпырып келеді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің қатысушылары Бейбітшілік пен келісім саябағын ашты. Табиғи-рекреациялық аймақ – Қазақстандағы әртүрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы достық пен бірліктің символы. Саябақ Тәуелсіздік даңғылы бойының көпір аймағында Есіл өзенінің бойында орналасқан. Саябақтың орталық элементі – «Өмір ағашы» монументі, ол мәңгілікті, үйлесімділікті және ұрпақтар арасындағы байланысты бейнелейді.
Күмбез пішініндегі монументтің ортасында емен ағашы отырғызылған, оның айналасы фонтанмен және су айдынымен қоршалған. «Өмір ағашының» айналасына төрт инсталляция орнатылған, олардың әрқайсысы бейбітшіліктің, келісім мен рухани бірліктің құндылықтарын бейнелейді. Сонымен қатар, саябақта каскадты сарқырама, «Жұлдызды аспан» туннелі, жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары жасалып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Бұл оны тек символды ғана емес әрі қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы орынға айналдырады. Биыл біз жалпы көлемде 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Шамамен 1 миллион көшет отырғызылатын болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.