Буллинг пен кибербуллингке тосқауыл: Астана мектептерінде оқушыларға арналған профилактикалық жұмыстар жалғасуда

Буллинг пен кибербуллингке тосқауыл: Астана мектептерінде оқушыларға арналған профилактикалық жұмыстар жалғасуда

Астанада жаңа оқу жылынан бастап жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы жүйелі сипатқа ие болып отыр. Қаладағы 96 білім беру ұйымында 30 мыңнан астам оқушының қатысуымен профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл жұмыс Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен, қалалық прокуратураның үйлестіруімен және Полиция департаменті, аудандық әкімдіктер, Психологиялық қолдау орталығы мен спорт саласы өкілдерінің қатысуымен құрылған мобильді топтардың ықпалдастығы арқылы жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, елордадағы бес аудан бойынша құрылған 12 мобильді топ жүйелі түрде мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп келеді. Іс-шаралар ашық диалог форматында ұйымдастырылып, оқушыларға өз ойларын ортаға салуға, сұрақ қоюға және пікір алмасуға мүмкіндік беріледі.

Кездесулер барысында мамандар құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықбұзушылық түрлерін түсіндіру, жауапкершілік шараларын нақтылау, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу тақырыптарына баса назар аударады. Сонымен бірге, кибербуллингтің зияны туралы ақпарат беріліп, нақты мысалдар келтіріледі.

Жасөспірімдерге құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын бейнелейтін бейнематериалдар да көрсетілуде.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, профилактикалық кездесулердің тиімділігі анық байқалады. Оқушылардың белсенділігі артып, жауапкершілікке деген түсініктері нығайып келеді.

Балалардың өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтылысы да артуда.

Қала прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2023, 2024 және 2025 жылдары кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деңгейінде күрт өсім тіркелген жоқ. Жағдай тұрақтылығын сақтап отыр. Алайда елорда тұрғындарының, оның ішінде балалар санының жыл сайын артуына байланысты жүйелі профилактикалық жұмыс күн тәртібінен түспейтін негізгі бағыт ретінде айқындалған.

Айта кетерлігі, құқықбұзушылық бойынша есепте тұрған бірқатар жасөспірімдердің тәртібі түзетіліп, олар ресми түрде есептен шығарылды. Бұл жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беріліп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасалғанын айғақтайды.

Осылайша, жүргізіліп отырған алдын алу шаралары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектептерде сенім мен өзара құрметке негізделген орта қалыптастыруға бағытталған.