Астанада әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және олардың негізсіз өсуін болдырмау үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айналым механизмі аясында шамамен 35 мың тонна азық-түлік тауарлары шартқа алынған. Арнайы назар көкөніс өнімдеріне аударылған. Атап айтқанда, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының тікелей өндірушілерімен «бақшадан сөреге» қағидаты бойынша форвардтық келісімшарттар жасалып, шамамен 20 мың тонна өнім жеткізу көзделген.
Сонымен қатар, Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе облыстарының бакалея, сүт және ет өнімдері өндірушілерімен шамамен 15 мың тонна тауарға келісімге қол жеткізілген. Өнімді сату үшін елордадағы 120-дан астам сауда нүктесі тартылған.
Азық-түлік бағаларының делдалдық схемелерін зерттейтін өңірлік комиссия белсенді жұмыс істейді. Биыл 69 отырыс өткізілген, оның барысында Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 115 жағдайды анықтап, оның ішінде 19 ескерту берілді, сол сияқты 2,2 млн теңге көлемінде 96 әкімшілік айыппұл салынған.
Республиканың өңірлік тауар өндірушілерінің қатысуымен жыл сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері дәстүрлі түрде елордалық нарықты жаңа және қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жәрмеңкелердің ерекшелігі – тауарларды тікелей фермерлерден сату.
Биылғы жәрмеңкелер 30 тамыздан 26 қазана дейін демалыс күндері өтеді, оған республиканың 17 облысы қатысады.
Жәрмеңкелер Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында («Қазанат» ипподромының қарама-қарсы жағында) ұйымдастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін жәрмеңке орнына №18, 37 және 303 автобустары қатынайды.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру Астана тұрғындары үшін азық-түлік бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қалалық азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосады.