Елордада аумақтық қорғаныс бригадасының ұйымдастыруымен запастағы әскери қызметшілердің тактикалық оқу-жаттығулары жүріп жатыр. Оған офицерлер, сержанттар және қатардағы жауынгерлер шақырылған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Әскери және мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзету мен қорғауды ұйымдастыру» тақырыбындағы жаттығуға 90 адам қатысты: оның ішінде 17 офицер, 15 сержант және 58 қатардағы жауынгер бар. Астананың аумақтық қорғаныс бригадасы 2017 жылы құрылған. Сол уақыттан бері тек елордада 1,2 мың әскери жиын өткізілген. Кадрлық офицерлер жаттығуға шақырылғандарға шартты қарсылас қауіп төндірген жағдайда оқшаулау іс-қимылдарын, маңызды нысандарды қорғау мен күзетуді, азаматтарды эвакуациялауды және қорғауды үйретті. Бұл бағыттағы тәжірибелер азаматтық қорғау қызметтері мен қала әкімдігімен өзара іс-қимылда жүргізілді.
Алынған білімдер стратегиялық маңызды нысан – «Астана РЭК» АҚ аумағында тәжірибе жүзінде көрсетілді. «Бұл оқу-жаттығуды біз Астананың аумақтық қорғаныс бригадасын жасақтау үшін өткізіп отырмыз. Әртүрлі сала қызметкерлері тартылып, оларға тіршілікті қамтамасыз ететін аса маңызды нысандарды күзету мен қорғауға қатысты теориялық және практикалық сабақтар өткізілді», — деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі Омар Орынбаев.
Іс-шараға бақылаушы ретінде қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Сапар барысында тактикалық-арнайы жаттығу қатысушылары мен ұйымдастырушыларын қолдау және жәрдем көрсетуге қатысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.