Funny Sport: Астанада жоба аясында спорттық биден шеберлік сабақтары өтті

Funny Sport: Астанада жоба аясында спорттық биден шеберлік сабақтары өтті

Астанадағы Орталық Арбатта қала тұрғындары мен қонақтарына арналған Funny Sport жобасы аясында спорттық билерден шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден астам қатысушы жиналып, үш сағат бойы тегін дәрістерге қатысып, ырғақ пен шабытқа толы атмосферада би өнерінің қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен вальс, танго және спорттық бидің өзге де түрлерінен сабақтар өтті. Бастаушылар үшін қадам сайын түсіндіру жүргізілсе, тәжірибелі бишілерге өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – спорттық биді көпшілікке қолжетімді ету, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу және жастарды шығармашылық белсенділікке тарту. Іс-шараның ерекше атмосферасын жаттықтырушылар мен қатысушылар арасындағы тікелей байланыс, шынайы эмоциялар мен көрермендердің қолдауы қалыптастырды. Қатысушылардың пікірінше, шеберлік сабақтары олар үшін тек жаңа білім ғана емес, қуаныш пен жағымды әсер сыйлаған нағыз мерекеге айналды.

Айта кетейік, 12-21 қыркүйек аралығында өтетін Funny Sport жобасы аясында қала тұрғындары флорбол, BMX, скейтбординг, отбасылық эстафета, жүгіру, аула ойындарына қатысып, Street Workout және инклюзивті шеберлік сабақтарында кәсіби мамандардан тәлім алады. Өткен жылы Funny Sport марафонына 1500-ден астам адам қатысқан болса, биылғы шараларға да 1000-нан аса тұрғынның қосылуы күтілуде.

Толық ақпаратты funnysport.asia ресми сайтынан және funnysport.kz Instagram парақшасынан білуге болады.