Астанада әлеуметтік бастамаларымен кеңінен танылған «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қоры алғашқы мерейтойын атап өтті.
Бірнеше жыл ішінде ұйым инклюзивті әртістерді, ата-аналарды, еріктілерді және білім мен арт-терапия саласының мамандарын тоғыстырған бірегей алаңға айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Қор өз жұмысын 2016 жылы балаларға арналған қайырымдылық іс-шараларын өткізуден бастаған.
Бүгінде қор жобалары ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған. Осындай бастамалардың бірі – ДЦП диагнозы қойылған Валерия Ханның шығармашылық концерті. Ол Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп, тек отбасы үшін ғана емес, ерекше балалардың ата-аналары қауымдастығы үшін де маңызды оқиғаға айналды.
Бұдан бөлек, қор жанынан «Ашық жүрек» еріктілер клубы, ерекше балаларға арналған «Кішкентай пианист» мектебі, «Дефектология» арт-терапия кабинеті және актерлік шеберлік мектебі жұмыс істейді.
«Мен үшін бұл мерейтойдың орны бөлек. Біз шағын бастамашыл топ болып бастадық, ал бүгінде ондаған табысты жоба, сенімді серіктестер мен ата-аналардың қолдауына ие ұйымға айналдық. Ең басты нәтиже – балалардың күлкісі мен қоғамның көңілі. Мемлекеттік және халықаралық алаңдардан шақырту алғанда, еңбегіміздің текке кетпегенін түсінеміз», – деді қор жетекшісі Ботагөз Игенбаева.
Ұйым алдағы уақытта да ауқымды мақсаттар қойып отыр: түзету кабинеттерінің санын арттыру, еріктілік пен қайырымдылық мәдениетін дамыту, сондай-ақ халықаралық жобаларға қатысу. «Біз туралы тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де айтылғанын қалаймыз», — деп атап өтті қор басшысы.