Астанада санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерінің күні алғаш рет ресми түрде атап өтілді. Мерекелік шарада сала ардагерлері мен денсаулық сақтау ісіне айрықша үлес қосқан үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Салтанатты жиынды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында ұйымдастырды. Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер мен санитариялық қызмет мамандары қатысты.
Жиын санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасу тарихына арналған деректі фильм көрсетілімінен басталды. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және еліміздің санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкер мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.
Алғыс хатпен марапатталғандар: Жұмағұл Медетов (Түркістан облысы); Бақыт Бекбергенова (СЭБК); Зияда Есова (көлік СЭС); Әлсия Қажкенова (Астана қаласы); Баян Даулетярова (көлік СЭС).
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғандар: Гүлфара Кәрімова (Маңғыстау облысы); Күләш Әубәкірова (Ақмола облысы); Евгения Даутова (Орал обаға қарсы станциясы); Салтанат Кәкібаева (министрдің кеңесшісі).
ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар: Дамир Тайғұлов (Қосшы қаласы); Жанна Естияр (Астана қаласы); Гүлназ Қасымова (көлік СЭС).
«Еңбек ардагері» төсбелгісін алғандар: Бейбіт Исембаев (көлік СЭС); Ғалия Шәріпова (Жетісу облысы); Гүлнәр Рахимова (Ақтөбе қаласы).
«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің иегерлері: Рита Шырынбекова (СЭБК); Дариха Сембаева (Астана қаласы); Қалыбек Буралхиев (Алматы қаласы); Темірбек Қожаев (Қызылорда обаға қарсы станциясы).
СЭБК төрағасының Алғыс хатымен марапатталғандар: Әлібек Манабаев (ҚР ҚК экс-бас санитарлық дәрігері); Бибігүл Жұмаханова (ШҚО ПД); Әлімжан Есенаманов (ҰҚК Шекара қызметі); Бауыржан Датхаев (ҰҚК); Әсемгүл Мусина (ҚР Президенті Іс басқармасы); Нысанғали Қожахметов (Ұлттық СЭС мониторинг орталығы); Жұмабек Бекенов (Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы, м.ғ.д.).
Әскери медицинаға қосқан үлесі үшін арнайы марапатпен СЭБК төрағасы Сархат Бейсенова марапатталды. Бұл сыйлық оған ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасының атынан берілді. Іс-шара барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ресми логотипі мен гимнінің жобалары таныстырылды.
Гимн авторы – ардагер Қанат Сакиев. Әнді бәрі бірге орындады. Алдағы уақытта комитет гимн мен логотиптің үздік нұсқаларына ашық конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен жалғасты. Қонақтар алдында Айдос Оңғарбай («Домбыра»), Шахризада Тыныштық («Қазақ вальсі»), Алтыншаш Мұқатаева («Мереке»), Мұратбек Хайролда («Ақ гүлім»), Ринат Нұрмұхан («Өз елім») өнер көрсетті.
«Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет – ұлт денсаулығын қамтамасыз етудегі аса маңызды құрылым. Бүгінде біз 94 жұқпалы ауруға мониторинг жүргізіп отырмыз, оның 16-сы бойынша мүлде дерек тіркелмеген, ал 40-ында тұрақты төмендеу байқалады», – деді СЭБК төрағасы, ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, салада ауқымды цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр, нысандар жаңғыртылуда, сондай-ақ бұрынғы бақылау-қадағалау функциялары қайта енгізіліп жатыр.
«Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және кәсіби жетістік тілеймін! Еңбектеріңіз әрдайым қазақстандықтардың денсаулығы үшін қызмет ете берсін!» – деді ол.
Қазіргі таңда санитариялық-эпидемиологиялық қызметте еліміз бойынша 12 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың жұмысы эпидемиологиялық қадағалаудан бастап, су, азық-түлік пен қоршаған ортаның сапасын бақылауға дейінгі кең ауқымды қамтиды.