Қазақ киносы күніне орай Астанада республикалық кастинг – шығармашылық жоба JARQYRA басталды. Сынақтар Қазақ ұлттық өнер университетінде өтіп, жүздеген талантты жастың басын қосты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кастинг бүгін, 15 қыркүйек күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін елдің 19 қаласында мәдениет мекемелерінің базасында қатар жүргізілуде.
«Бұл жай ғана кастинг емес. Бұл – арманды жүзеге асырудың нақты мүмкіндігі. Бұған іріктеуден үлкен экранға дейінгі жолдан өткен актерлердің мысалдары дәлел. Олардың қатарында – «Ойынқұмар» фильміндегі басты рөлді сомдаған Гүзел Жан, Канн фестивалінде «Айка» фильмі үшін жүлде алған актриса Самал Еслямова, сондай-ақ «Адам және алма» фильмінің бас кейіпкері Марат Әбішев бар. Олардың өмір жолы осындай жобаларға қатысу кәсіби кино әлеміне бастау бола алатынын көрсетеді», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасының төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Іріктелген кандидаттардың деректері орталықтың ресми сайты www.kazakhcinema.kz порталындағы актерлердің онлайн-базасына орналастырылады. Бұл база жаңа тұлғаларды іздеуге мүдделі продюсерлер мен кинокомпаниялар үшін ашық алаңға айналады.
«Тәжірибесі қаншалықты мол болса да, әр кастинг актерлерді бәрібір толқытады. Бірақ мұндай шаралар қазақ киносының дамуына зор үлес қосады. Бүгінгі кастинг маған қатты ұнады, себебі басты мақсаты – жаңа есімдер мен таланттарды ашу. Біз 1-4 курс студенттерін алдын ала хабардар еттік, көпшілігі келді.
Іріктеуден өткендер Ұлттық киноны қолдау орталығының актерлік базасына енгізіліп, болашақ жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Біздің фильмдерге жиі кәсіби білімі жоқ актерлер қатысады. Бір жағынан, бұл жаңа тұлғалардың өздерін көрсетуіне жол ашады, екінші жағынан, кейде фильм сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан осындай жобалар дамып, кәсіби жас актерлерге маңызды әрі сапалы фильмдерде ойнауға мүмкіндік берілсе дейміз. Бұл, шынымен де, кино саласының дамуына серпін береді», – деді Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драмалық театрының актері, «Музыкалық-драмалық және қуыршақ театры өнері» кафедрасының меңгерушісі Жанқалдыбек Төленбаев.
ҚазҰӨУ колледжінің 3-курс студенті Ақжібек Өмірбай кастингтен сәтті өтіп, оның деректері актерлік базаға енгізілетін болды.
«Мен кастингтен жаңа ғана сәтті өттім. Әрине, қобалжу болды, өйткені камералар мен адамдардың мұқият көзқарасын көргенде сабыр сақтау қиын. Бірақ іштей сенімді болдым және өзімді лайықты көрсете алдым деп ойлаймын. Алдымен өзім туралы айттым, содан кейін «Ұмытылмас күн» әнін орындадым. Маған «жақсы» деді, бұл мен үшін маңызды белгі. Жалпы өзіме де, өнер көрсетуіме де көңілім толды.
Бұл алғашқы тәжірибем емес, бұрын сериалдар мен телебағдарламалардың түсірілімдеріне қатысқанмын, сондықтан мұндай атмосфера таныс», – деді кастингке қатысушы.
Бұған дейін орталықтың бастамасымен және қолдауымен отандық кино саласында елдің мәдени әлеуетін дамытуға үлес қосқан жаңа есімдер ашылған еді. Мұндай бастамалар Мемлекет басшысының мәдени саясатты жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жүйелі басшылығымен жалғасып келеді.
«Соңғы жылдары орталықтың қолдауымен 34 дебюттік фильм қаржыландырылды. Бұл жаңа буын режиссерлері мен актерлерінің қалыптасуына негіз болды. Солардың бірі – апат тақырыбын қозғайтын QAITADAN дебюттік фильмі.
Көрсетілімнің алғашқы аптасында ол шамамен 500 миллион теңге жинап, көрермендерден оң пікір алды. Бұдан бөлек, қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерде мойындалып, отандық киноның елдің мәдени брендінің маңызды элементі ретіндегі мәртебесін растап келеді», – деді Құрманбек Жұмағали.