Астанада мектеп оқушыларының отбасылары арасында спорттық эстафета өтті

Астанада мектеп оқушыларының отбасылары арасында спорттық эстафета өтті

Елордада Отбасы күніне орай Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейде «Көңілді старттар» жарысы ұйымдастырылды. Сайысқа оқушылардың отбасылары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Көңілді старттарға Алматы ауданының 5-6 сынып оқушыларының отбасылары қатысты. Әр мектептің атынан бір отбасы сынға түсті. Бағдарлама бес кезеңнен тұрды және командалық эстафета ережелері бойынша өтті.

«Отбасы күніне орай «Көңілді старттар» өткіздік. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, қатысушылар жақсы нәтиже көрсетті. Жарысқа 6 отбасы қатысты, 5 кезеңнен тұратын эстафета барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылды. Жарақатсыз өтті, жеңімпаздар анықталды. Жүлдегерлер медаль, диплом және сыйлықтармен марапатталды», – деді ұйымдастырушы, менеджер-нұсқаушы Шалқар Қайыржан.

Спорттық отбасылық мерекені елорданың Алматы ауданы әкімдігі мен Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясы бірлесіп өткізді.