
Астанада JOLTAP әлеуметтік жобасы жалғасып жатыр. Ол мыңдаған қала тұрғындарына жұмысқа орналасуына, табысын арттыруына, жаңа кәсіп ашуына немесе еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне көмектесті. Жоба түлектерінің бірі – Айгүл Сарбаева өмірінде JOLTAP-тың қандай рөл атқарғанын айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Айгүл бұл жоба туралы ойламаған жерден, автобустағы монитордағы жарнамадан білген. Жоба сайтына кіріп, бірнеше курсты таңдап алдым: конструктор-модельер, тігінші, SMM және мобилография. Соңғы екеуіне жасы бойынша сәйкес келмеген. Нәтижесінде тігін курсын оқып шықты.
«Мен үшін бұл – даму мүмкіндігі, жаңа білім, жаңаша көзқарас, тәжірибе, өсу, жаңа адамдармен танысу болды», – деп еске алады Айгүл.
JOLTAP жобасына қатысу Айгүл Сарбаева үшін жеке әрі кәсіби дамуға бағытталған саналы қадам болды. Ол нені қалайтынын нақты түсінді.
«Біріншіден, бұл – тұлғалық даму. Білімімді кеңейтіп, жаңаны үйренгім келді. Екіншіден, кәсіби өсу. Маған өзімді жүзеге асыруға көмектесетін практикалық тәжірибе мен мүмкіндіктер керек болды. Бұл бағыт менің қызығушылықтарыма жақын», – дейді ол.
Айгүл оқу мен жұмысты қатар алып жүру үшін таңғы топқа жазылды. Оның айтуынша, оқу жеңіл болған, әсіресе тігін процесінің өзі ерекше әсер қалдырған.
«Әрбір кезеңге қыздардың қаншалықты ынта-жігермен қарағанын көрдім. Соңында халат дайын болды, біз суретке-видеоға түсіріп алдық. Әрқайсысының жанарынан жасаған жұмысына деген қуанышты көрдім», – дейді ол.
Жоба тәжірибеге көп көңіл бөледі, бұл нәтижесін берді, дейді астаналық.
«Маған оқу қатты ұнады, бәрі пайдалы әрі қолжетімді болды. Практика көп болғаны жақсы әсер қалдырды. Бұл курс өзіме деген сенімділік сыйлады. Қазір өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін», – дейді Айгүл.
Бүгінде Айгүл Сарбаева итальян маталары сатылатын салонында еңбек етеді. Мұнда ол алған білімін күн сайын қолданып, маман ретінде дамып келеді. Бұл – дұрыс жобаның жаңа кәсіп беріп қана қоймай, өмір жолын түбегейлі өзгерте алатынының айқын мысалы.
«Ештеңеден қорықпау керек, күмәнданбау, батыл қадам жасау керек. JOLTAP – бұл өз қабілетіңді жүзеге асыруға және өзгеруіңе, пікірлес жандар табуыңа және тәжірибе жинауыңа берілген үлкен мүмкіндік», – дейді ол.
JOLTAP жобасы ондаған бағытты қамтиды – жұмысшы мамандықтардан бастап цифрлық құзыреттерге дейін. Мұнда қысқа мерзімді курстардан өтуге, жаңа кәсіп ашуда қолдау алуға, мемлекеттік бағдарламалар туралы білуге, кеңес алуға және арнайы сервистер арқылы жұмысқа орналасуға болады.
Жоба басталғаннан бері ондаған мың адам оқудан өтті, мыңдағаны жұмысқа орналасты немесе өз бетінше табыс табуды бастады.