Астанадағы Орталық саябақта экологиялық мәдениетті сақтау мақсатында зейнеткерлерге арналған велошеру өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға қаланың Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Super Velo Star клубының 20-ға жуық мүшесі қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандар «Таза Қазақстан – Таза қала» ұранымен 5 шақырымдық қашықтықты жүріп өтті.
Біздің іс-шара табиғатқа ұқыпты қарауға және моторлы көліктен бас тартып, велосипедке көшуге үгіттейді. Осы арқылы біз қоршаған ортаның ластануын сәл де болсын азайтамыз деген сенімдемін. Спорттық акциямыздағы басты ерекшелік – жеңімпаз анықталмайды.
Ең маңыздысы – егде жастағы азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», – деді ұйымдастырушы Бақыт Байманова. Оның айтуынша, мұндай акциялар жаз мезгілінен бері үшінші мәрте өткізілген.
«Қартайдық деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Барлығы өзіңнің іс-әрекетіңе тікелей байланысты. Мысалы, мен Белсенді өмір сүру орталығында би, хор және арасында велошеруге қатысып тұрамын. Өзім үлгі болсам, алдағы уақытта өзге де зейнеткерлер қатарымызды толықтырады деген сенімдемін», - деп Кентай Алдырбай атты қатысушы өз ойын білдірді.
Спорттық мерекенің соңында қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, жақсы әсермен үйлеріне қайтты.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan