Флешмобтар, подкастар, наркограффити жою: Астанада «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы қалай жүзеге асып жатыр

Флешмобтар, подкастар, наркограффити жою: Астанада «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы қалай жүзеге асып жатыр

«Құқық және тәртіп» қағидаты аясында прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған айлық шаралар жалғасуда. Қалада «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – қазіргі жағдайды зерделеу, жастарды тарту және нашақорлыққа қарсы профилактикалық шараларды күшейту арқылы салауатты қоғамдық орта қалыптастыру, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жастар арасында сауалнама жүргізіліп, олардың нашақорлық мәселесіне көзқарасы, хабардарлық деңгейі мен профилактикалық жұмыстарға деген қажеттіліктері анықталды. Жоба аясында елордада әлеуметтік бағыттағы жаңа антинаркотикалық мурал салынды. Басты бағыттардың бірі – интернет-кеңістікті цифрлық бақылау.

Оның аясында 1 000-нан астам есірткіге қатысты сілтемелер анықталып, «КиберНаркоРеестр» базасына енгізілді және уәкілетті органдарға бұғаттау үшін жолданды. Бұл желідегі заңсыз ақпараттың қолжетімділігін азайтуға ықпал етуде. Қалада жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді. Ай сайын Волонтерлік штаб пен Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп, бейнебақылау жүйесі қамтымаған жерлерде есірткі жарнамаларын бояу акцияларын өткізеді.

Биыл алты ауданда 20-ға жуық осындай іс-шара ұйымдастырылып, 50-ге жуық заңсыз жазба жойылды. Акцияға белгілі блогерлер, актерлер мен спортшылар да қолдау көрсетті. Жыл соңына дейін алты аудан бойынша 30 іс-шара өткізіп, 100 наркограффитиді жою жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жаңа оқу жылында жастардың қатысуымен 200-ге жуық ақпараттық-ағартушылық шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Оған дәрістер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер кіреді, кемінде 2 000 жас қамтылмақ. Негізгі мақсат – есірткінің зияны туралы хабардарлықты арттыру және жастарда оған қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру. Жоспарға жастардың қатысуымен көшпелі сот процесін өткізу де енгізілген.

Бұл шара құқықтық сауаттылықты арттыруға және есірткі мен психобелсенді заттардың заңсыз айналымына байланысты заң бұзушылықтың салдарын түсіндіруге бағытталмақ. Сонымен бірге кинологиялық орталық пен әскери бөлімге экскурсиялар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл мектеп оқушылары мен студенттердің құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысуына, азаматтық жауапкершілік пен мемлекеттік институттарға құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ал спорттық шаралар аясында колледж студенттері арасында баскетбол турнирі өткізіліп, ол салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортқа тартуға бағытталмақ.

#законипорядок #заңжәнетәртіп