Елорда экономикасына 7 айда 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды

Елорда экономикасына 7 айда 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды
Президент жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Астанада экономикалық өсім қарқын алды. Биылғы 7 айда елордаға тартылған инвестиция көлемі 42%-ға артып, 1,2 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экономикалық өсудің негізгі драйверлерін нығайтуға ерекше назар аударды. Олардың арасында инвестициялар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік маңызды орын алады. Қалада инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және жобаларды қолдауға ерекше мән беріліп отыр.
 
Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша Астана ел экономикасына салынған инвестиция көлемі жағынан көш бастады. Нақты өсім 42%-ды құрап, 1,2 трлн теңгеге жетті. Жеке инвестициялар 25,4%-ға өсіп, 780 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің ерекше рөлін атап өтті. Бұл экспорттық әлеуетті қалыптастыратын, жаңа технологияларды енгізетін және сапалы жұмыс орындарын құратын сала. 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсімі 10%-дан асып, 2,5 трлн теңгеге жетті. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістерді іске қосу есебінен көлемді 7%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл өсім 2,6 трлн теңгеге дейін жетеді. Астанадағы №1 Индустриялық парк та тұрақты өсім көрсетіп, айтарлықтай инвестициялар тартып келеді.
 
Мұнда жалпы құны 336 млрд теңгеден асатын 139 жоба орналасқан. Олардың ішінде 82 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ал алдағы екі жыл ішінде тағы 57 өндіріс ашылмақ. 2025 жылы 43 млрд теңгеге 21 кәсіпорынды іске қосу және 1,2 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бірінші парктің табысты тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып, № 2 Индустриялық парк жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталды. Оның аумағында 500 млрд теңгеден астам сомаға 100-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 8 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. №1 Индустриялық парктің үш жетекші кәсіпорнының алғашқысы – «Kazakhstan Paramount Engineering». Ол – 2014 жылы құрылған, бронетехниканы өндірісін және жауынгерлік модульдер мен электрондық жүйелерді шығаратын кәсіпорын.
 
Өндірістік ауданы – 13 500 шаршы метр, қуаттылығы жылына 360 MRAPавтомобилі, қызметкерлер саны 350-ге жуықтайды. Кәсіпорын жобаларының қатарында – жылына 10 мың данаға дейін жүк техникасын шығаратын зауыттың құрылысы, қорғаныс және азаматтық мақсаттағы электрондық өнімдерді өндіру, сондай-ақ артиллериялық оқ-дәрілерді толық циклді өндіруді құру бойынша «АСПАН» жобасын іске асыру.
 
«Әрбір адам өзіне ұнайтын мамандық табуы керек. Мамандық сұранысқа ие болса, ол маманды сыйлайды деп ойлаймын. Біз ағам екеуміз бұл зауытта талай жылдан бері электрик болып жұмыс істейміз және осындай ауқымды өндірістің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті 4-разрядтағы дәнекерлеуші-электрик Қосылбек Нәсіпхан.
 
Екіншісі – «Аромат» фабрикасы. Ол – Орталық Азиядағы толық циклді парфюмерия шығаратын жалғыз фабрика. Өндірістік қуаттылық – жылына 5 млн құтыға дейін жетеді. Өнімнің шамамен 90%-ы ТМД және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. 2025 жылдың көктемінде «VITTORIO» және «The Spirit of Kazakhstan» жаңа желілері іске қосылды.
 
«Көктемде біз Астана, Алматы қалаларына, Ұлытау және Атырау өңірлеріне арналған премиум желісін шығардық. Кейбір хош иістерді Fleur Narcotiqueпен Fleur de Santalсияқты бестселлерлердің авторлары – француз парфюмерлері Квентин Биш пен Гаэль Монтеро әзірледі. Біздің ұжымымыз тату, 120 адам бір үлкен отбасы секілді. Қазір жұмысшы мамандықты таңдаудың ең қолайлы уақыты деп есептеймін. Мемлекет бізді дамуға және өсуге барлық жағдайды жасап, белсенді қолдап отыр», – деді өндірістік цех бастығы Айдын Қайыржанов.
 
Үшіншісі – «Metal Former». Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысатын қасбеттік материалдарды шығаратын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын. Негізгі бағыт – ғимараттардың сыртқы және шатыр беттеріне арналған құрылыс материалдарын өндіру. «Жүрек кез келген жұмысқа жақын болуы керек. Бір ай істеп көріп, ұнамады деп басқа жұмысқа ауыса бермеу керек. Осылай жылдар бойы жүре берсең, өз ісінді таба алмайсың. Жұмысшы мамандықтар жылында әрбір жұмысшының еңбегін бағалап, оның дамуы мен кәсіби өсуіне жағдай жасау ерекше маңызды. Елдің болашағын дәл осы жұмысшылар өз қолдарымен салады», – деді көп жылдық тәжірибесі бар құрылысшы Арман Абиров.