«Сауатты ата-ана – сау отбасы»: Астанада психологтар арнайы семинар өткізді

«Сауатты ата-ана – сау отбасы»: Астанада психологтар арнайы семинар өткізді

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен «Бейсана» қазақстандық психологтар қауымдастығы бірлесіп «Сауатты ата-ана – сау отбасы» атты семинар өткізді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыру, отбасындағы тәрбиенің маңызын насихаттау және бала тәрбиесіне саналы түрде қарауға шақыру болды. «Бүгінгі қоғамға психологиялық қолдау ауадай қажет.

Қазіргі таңда психологиялық сауаттылық – қоғам дамуының басты талаптарының бірі. Адамдар өмірдің түрлі кезеңінде күйзеліске, уайымға, отбасылық немесе кәсіби қиындықтарға тап болады. Осындай сәтте кәсіби психологтың қолдауы психикалық денсаулықты сақтауда шешуші рөл атқарады», - дейді «Бейсана» қазақстандық психологтар қоғамдастығының төрайымы, психолог, психотерапевт Ғалияш Махашева. Спикерлердің қатарында отбасылық психологтар, балалар дәрігерлері, педагогика ғылымдарының кандидаттары және тәжірибелі әлеуметтік қызметкерлер болды. Олар қазіргі қоғамдағы ата-аналардың жиі кездесетін мәселелерін атап өтіп, сол қиындықтарды шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

«Отбасы татулығы – баланың психологиялық саулығының кепілі. Ер мен әйел арасындағы қақтығыстар уақытша болса да, оның салдары бала жүрегінде ұзақ сақталады. Сол себепті, ата-ана ең алдымен баласының болашағын ойлап, өзара түсіністікке, сыйластыққа ұмтылғаны жөн. Себебі бақытты отбасының шаңырағында ғана бақытты бала өседі», – дейді Отбасы академиясының негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев.

Семинар барысында қатысушыларға арналған интерактивті жаттығулар мен тренингтер өткізілді. Семинарға қатысушылар іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Көптеген ата-аналар өздерінің бала тәрбиесіндегі қателіктерін түсініп, жаңа әдіс-тәсілдермен танысқандарына қуанышты екендерін жеткізді. Ата-аналарға арналған психологиялық, педагогикалық және медициналық бағыттағы оқыту мен кеңес беру жұмыстарын кеңейту – отбасы институтының дамуына жасалған маңызды қадамдардың бірі.