Астанада автопарк қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер түсіндірілді

Астанада автопарк қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер түсіндірілді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы №1 автобус паркі ұжымына ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер болды. Президент қол қойған түзетулерге сәйкес сақтандырылған азаматтардың мәртебесін жеңілдікпен сақтау мерзімі ұлғайтылды және медициналық қызметтер топтамасы кеңейтілді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы бөлімінің басшысы Шынар Сатылханқызының айтуынша, енді соңғы бес жыл бойы жүйеге тұрақты түрде жарна төлеп келген азаматтар уақытша төлем жасалмаған жағдайда да алты айға дейін «сақтандырылған» мәртебесін сақтай алады.

«Бұған дейін бұл мерзім үш аймен шектелген еді. Бұл – әділетті әрі адамға бағдарланған шешім. Ол қиын өмірлік жағдайларда да медициналық көмекке қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік береді», – деді Шынар Сатылханқызы.

Жаңашылдықтардың ішінде онкоскринингтің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізілгенін атап өтуге болады. Енді бұл қызмет сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа тегін қолжетімді болады. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар сегіз ауру бойынша – туберкулез, ВИЧ, созылмалы вирустық гепатит, бауыр циррозы, онкологиялық сырқаттар, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, сирек кездесетін (орфандық) аурулар, миокард инфарктісі мен инсульт – консультация және диагностика қызметтері де тегін көрсетілмек. 2026 жылдан бастап базалық медициналық қызметтер пакеті жаңа бағыттармен толықтырылмақ.

Оның ішінде амбулаторлық диализ, 12 топқа жататын созылмалы ауруларды динамикалық бақылау және консультация, бауыр, қалқанша без, жүрек ақаулары және басқа да дерттерге амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету, сондай-ақ жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Кездесуде қатысушылар медициналық қызметтердің қолжетімділігі, дәрігерге жазылу мерзімдері мен аясы тар бейінді мамандардың тапшылығы мәселелерін де талқылады.

Қор өкілдері барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейтінін еске салды. Азаматтар осы қызмет арқылы көрсетілген медициналық көмекке қатысты шағымдары мен сұрақтарын тікелей сол жерде жеткізе алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы еңбек ұжымдарымен және түрлі әлеуметтік топтармен түсіндіру жұмысын жалғастыра бермек. Мұндай кездесулер азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарын жақсырақ түсінуге және уақытылы қажетті медициналық көмек алуға көмектеседі.