Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Астанадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл көрнекті ағартушы, ғалым, қоғам қайраткерінің туғанына 153 жыл толып отыр. Сонымен бірге бұл күн елімізде Қазақстан халқы тілдері күні ретінде атап өтіледі.

Осыған орай, арнайы өткен іс-шараға жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, Қоғамдық кеңестің төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов, ҚР Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары, жастар қатысты.

«Зиялы адам атаулы ең алдымен өз тегіне, өз халқына қарыздар. Ахмет Байтұрсынұлы да өмір бойы қазақ ұлты үшін қызмет етіп, «мен халқымның алдында қарыздармын» деп өткен тұлға. Ұлтты алға сүйрейтін, дамытатын – осындай ұлы перзенттер.

«Ахаң қазақтың ойлау жүйесін бір ізге түсіріп, сөз мәдениетін қалыптастырып, ұлттық сананы жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақтың тілін, жазуын ғана емес, тұтас дүниетанымын жүйелеп, халықтың рухани иманын ұйытқан ұлы ұстаз болды», – дейді гүл қоюға келген алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық сананы оятқан ағартушы, Алаш қозғалысының жетекшісі. Оның мұрасы – елдік пен бірліктің, рухани тәуелсіздіктің мәңгілік темірқазығы.