«Тіл – татулық тірегі»: Астанада әдеби-танымдық дәріс өтті

«Тіл – татулық тірегі»: Астанада әдеби-танымдық дәріс өтті

Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты әдеби-танымдық сабақ өтті. Әдеби шараға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіл үйренуші зейнеткерлер мен «Ұрпаққа аманат» зияткерлік клубының мүшелері, тіл жанашырлары, мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Танымдық қазақ тілі сабағы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және тілдік қатынас арқылы ұлтаралық достықты кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Сабақ барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы мол мәлімет айтылды, сондай-ақ оның «Аққұм» әні орындалды.

«Тіл – татулық тірегі» атты танымдық сабағы орталықтың тіл маманы Маржан Бектұрсынқызының авторлық бағдарламасы бойынша өтіп, тіл үйренушілердің ынтасы жоғары болды.

«Байқоңыр ауданы бойынша қазақ тілі үйірмесіне 80-ге жуық зейнеткер қатысады. Олар тілді меңгеру деңгейіне қарай 6 топқа бөліп оқытылады. Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілі сабағына қатысушы зейнеткерлердің саны күн санап артып келеді. Оларға тіл жанашыры, білікті маман, ардагер ұстаз Маржан Пірімбетова өзінің авторлық бағдарламасы бойынша дәріс береді.

Сонымен қатар, зейнеткерлерден құрылған «Ұрпаққа аманат» атты зияткерлік және «Тіл шаңырағы» поэзиялық клубтары бар», – деп сөзін түйіндеді Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Роза Қарабекқызы.
Кеш соңында қатысушылар М.Шахановтың «Тіл мен Рух» әнін қосылып шырқады.