
Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында орналасқан басты спорт алаңы қайтадан елорда тұрғындары мен қонақтарына есігін ашты.
Кешенді жөндеуден кейін ол бұрынғыдан да ыңғайлы әрі заманауи күйге енді. Мұнда тартан жабыны толық жаңартылды, қолданыстағы жаттығу құрылғылары жөнделіп, сырланды, сондай-ақ жаңалары орнатылды. Белсенді қала тұрғындарының өтініші бойынша алаң кеңейтіліп, спортпен жайлы айналысуға қажет барлық жабдықпен толықтырылды.
Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді: аумақта үш бейнебақылау камерасы орнатылды. Енді спортпен шұғылдану пайдалы ғана емес, қауіпсіз де болмақ. Спорт алаңы белсенді өмір салтын таңдағандар үшін нағыз тартымды орталыққа айналды.
Сондай-ақ Орталық саябақ аллеясының аумағында кешенді абаттандыру жүргізілді. Жаяу жүргіншілер аймағы жаңартылды, тіреуіш қабырға плиталары қалпына келтірілді, кеспе тас төсемі ауыстырылды, сәндік тастар пайдаланылды. Ағаштар мен көпжылдық гүлді бұталар отырғызылып, жасыл желектерді күтіп-баптауға қажетті суару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ су бұруға арналған науалық жүйе жаңартылды. Жарық желілері мен сәндік жарық шамдары толық ауыстырылды. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, әткеншектер жөнделді, саябақ тұрғындар үшін жайлы әрі ыңғайлы демалыс орнына айналды.
Айта кетейік, биыл елордада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылуда.
Бұл жұмыс қала аудандарының барлығын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталды.