Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері мен үздік әлеуметтік жоба» байқауына өтінім қабылдау жүріп жатыр

Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері мен үздік әлеуметтік жоба» байқауына өтінім қабылдау жүріп жатыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері мен үздік әлеуметтік жоба» байқауына өтінім қабылдауды бастады. Бұл байқау әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына және ел халқының өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандарды және инновациялық бастамаларды анықтап, қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Байқаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік қызметкерлер мамандығының беделін арттыру, озық тәжірибелерді енгізуге ынталандыру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы үздік тәжірибелерді тарату.

Байқау әлеуметтік жұмыстың негізгі бағыттарын қамтитын жеті номинация бойынша өтеді:
• «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»;
• «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері»;
• «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
• «Медико-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері»;
• «Үздік әлеуметтік педагог» (арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде);
• «Еңбек мобильдігі орталығының (карьерлік орталықтың) үздік қызметкері»;
• «Үздік әлеуметтік жоба».

Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар конкурсқа өтінім, таныстырылым материалдары және өз жұмысы немесе жобасы туралы қысқаша бейнеролик әзірлеуі қажет.

Өтінімдер 2025 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін www.qamqor.enbek.kz онлайн-платформасы арқылы қабылданады.

Байқау екі кезеңде өтеді: өңірлік және республикалық. Арнайы комиссия ашықтық пен объективтілік қағидаттарын сақтай отырып, бірнеше санат бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

Сонымен қатар, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, онлайн-халықтық дауыс беру көзделген. Оның нәтижелері де жеңімпаздарды таңдауда ескеріледі.

Қосымша, байқау аясында #СоциальныйФлешмоб, #Әлеуметтікфлешмоб ортақ хэштегімен әлеуметтік челлендждер циклі іске қосылады. Олардың тақырыптары: «Әлеуметтік қызметкердің бір күні», «Ізгіліктің ұшқыны», «Әлеуметтік идея» және «Әлеуметтік қызметкерге алғыс».

Байқаудың қорытындысы Әлеуметтік қызметкер күні қарсаңында, яғни 24 қазанда Астанада өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде шығарылады.

Байқауға қатысу мәселелері бойынша 1414 нөмірі арқылы колл-орталықтан кеңес алуға болады.
Толығырақ ақпарат байқаудың ресми сайтында: www.qamqor.enbek.kz.