Астанада Қазақстан бокс федерациясы кубогының ширек финалы өтеді

Астанада Қазақстан бокс федерациясы кубогының ширек финалы өтеді

Елордада 30 қыркүйек пен 4 қазан күндері Қазақстан бокс федерациясының кубогы республикалық турнирінің ширек финалдық кезеңі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жеребе тарту нәтижесінде турнирдің бұл кезеңін өткізу құрметі Астанаға берілді. Бұл шешім қаланың бокс саласындағы жоғары ұйымдастырушылық әлеуеті мен аймақтық спортты дамытудағы маңызды рөлін айқындайды.

Турнирге Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының былғары қолғап шеберлері қатысады.

Ерлер 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі: 50 кг, 55 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, +90 кг.

Әйелдер 7 салмақ дәрежесінде бақ сынайды: 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 75 кг.

Бұл кезеңде спортшылар жартылай финалға жолдама үшін айқасқа түседі. Турнирдің басты мақсаты – Астана қаласындағы әуесқой боксты дамыту мен қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ аймақтағы ең үздік команданы анықтау.

Жарысты Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Астаналық бокс федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруда.