Елорданың Есіл ауданында Конституция күніне орай жаңа аулалар ашылды

Елорданың Есіл ауданында Конституция күніне орай жаңа аулалар ашылды

Ел Конституциясының 30 жылдығына орай Астананың Есіл ауданында абаттандырылған 2 аула салтанатты түрде ашылды. Жаңарту жұмыстары Бөкейхан көшесі, 21 мекенжайындағы және Ұлы Дала даңғылы, 47 мекенжайындағы тұрғын үйлердің аулаларында жүргізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Ашылу рәсімінде мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағамдар мен тәттілер ұсынылды. Балаларға аниматорлар қызықты ойындар, командалық жарыстар мен спорттық сайыстар ұйымдастырды.

Шараны ұйымдастырушылар аулаларды жаңартуға үлес қосқан белсенді азаматтарды марапаттап, үй үлкендері жиналған қауымға батасын берді.

Жаңа аулаларда заманауи ойын және спорттық алаңдар: әткеншектер, сырғанақтар, жаттығу құралдары, Workout-аймақтары мен жайлы тынымдық орындар орнатылды. Балалар мен спорт алаңдарына жаңа жабындар төселіп, демалыс аймақтары мен жарықтандыру құрылғылары жаңартылды.

«Ауламызда осындай сыйлық жасалғанына қуаныштымыз. Бұл — тұрғындар мен балаларға бір күндік қуаныш емес, ұзақ жылдар бойы қызмет ететін кеңістік. Мен спортпен айналысқанды, ініммен серуендегенді жақсы көремін — енді бізде оған арналған заманауи алаң бар», — деді жергілікті тұрғын Рахман.

Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлының айтуынша, биыл аталған аулалардан бөлек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда тағы алты жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Біз тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жайлы жағдай жасауды жалғастырып келеміз. Бұл — тұрғындармен бірлесіп, қалалық инфрақұрылымды жақсарту мен өмір сапасын арттырудың нақты үлгісі», — деп атап өтті аудан әкімі.

Айта кетейік, биыл елордада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылуда. Бұл жұмыстар барлық аудандарды, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Бүгінгі таңда аумақтардың басым бөлігінде жұмыстар аяқталды.