JOLTAP жобасының арқасында 35 мыңнан астам астаналық оқудан өтіп, жұмысқа орналасты

JOLTAP жобасының арқасында 35 мыңнан астам астаналық оқудан өтіп, жұмысқа орналасты

Астанада екі жыл бұрын іске қосылған JOLTAP әлеуметтік жобасы Астана тұрғындарына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, жұмыс табуға және табысын арттыруға көмектесіп келеді. Осы уақыт ішінде жоба ондаған мың қала тұрғынын қамтып, әлеуметтік саясаттың тиімді құралына айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

JOLTAP жобасы Мемлекет басшысының жұмыспен қамту саласындағы тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.
Қазақстан халқына Жолдауында Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялаған болатын. JOLTAP жобасы еңбек культін қалыптастыруға бағытталған ішкі саясаттың өзекті бағытына сәйкес келеді және толықтай «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасына үндес.

Жобаның операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Басты мақсат – «балық емес, қармақ беру» қағидаты бойынша тұрғындардың табысын арттыруға жәрдемдесу.

2023 жылғы 29 тамызда «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері ашылды.

Екі жыл ішінде жоба 35 мыңнан астам адамды қамтыды: олардың 15 мыңнан астамы қысқамерзімді оқудан өтті, 8 мыңнан астамы қала кәсіпорындарына жұмысқа орналасты, 1,2 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды.

Жалпы алғанда, бұл жоба – Қазақстан мен ТМД елдері үшін бірегей әлеуметтік бастама. Ол бизнестің, мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың күшін табысты үйлестіріп, lifelong learning (үздіксіз білім алу) концепциясын жүзеге асыруға жол ашып отыр.

Жоба аясында астаналықтар 12 жұмысшы және 7 цифрлық мамандық бойынша қысқамерзімді оқудан тегін өтуге мүмкіндік алады.
Оқыту бағдарламалары авторлық негізде жасалып, жергілікті бизнес өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта құрастырылған. Арнайы мамандықтар колледждерде оқытылатын кәсіптердің тізімін қайталамайды. Мәселен, жиһаз құрастырушы, аяқ киім жөндеу, май мен автодөңгелек ауыстыру, полимерлік бояу бойынша сырлаушы сияқты бірегей мамандықтарға тек JOLTAP арқылы оқуға болады.

Қала тұрғындары салалық тәжірибелік құзыреттерді меңгеріп қана қоймай, жеке кәсіп бастауға қажетті негізгі дағдыларды (SMM, таргеттелген жарнама, бухгалтерлік іс) игереді.

Жобаның елорданың әлеуметтік-экономикалық өмірін дамытуға және жұмысшы мамандықтарын насихаттауға қосқан үлесі халық арасында да, Үкімет пен Мәжіліс депутаттары тарапынан да жоғары бағаланды.

«Мемлекетте халықты қолдау мен жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Бірақ бұл бағдарлама адамдарға жаңа, кейде ең алғашқы мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді. Менің ойымша, жоба сәтті жүзеге асып, көптеген адам жұмыс тапты. Ең бастысы адамдардың өмірінде өз ісіне деген сүйіспеншілік пайда болды», – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

JOLTAP аясында «JUMYSTAP.kz» атты отандық онлайн-платформа іске қосылды. Қысқа мерзім ішінде платформада 3 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 3,7 мыңнан астам бос жұмыс орны мен 22 мыңнан астам үміткер жинақталды.

Еске сала кетейік, кез келген қала тұрғыны «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері арқылы өзекті бос жұмыс орындары, қолдау шаралары бойынша кеңес алып, оқуға жазыла алады.

JOLTAP жобасына қатысты барлық сұрақ бойынша Call-орталыққа +7 707 221-31-31 нөміріне хабарласуға болады.