Астанада нашақорлықтың алдын алу мақсатында форум өтіп жатыр

Астанада нашақорлықтың алдын алу мақсатында форум өтіп жатыр

Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында үшкүндік форум өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастыруда.

Форумның салтанатты ашылуында сарапшылар жастар арасындағы нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмыс жайында бөлісті. Нашақорлықтың салдары, есірткі қылмыстары үшін заңнамалық жауапкершілік жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігінің, қалалық Полиция департаментінің, мәслихаттың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.    

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Сұлтан Өмірғалиев форумның маңызына тоқталды:

«Бұл форум – жастардың саналы таңдау жасап, салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған ерекше алаң. Бағдарламада жастарға арнап панельдік отырыстар мен шеберлік сағаттар, еркін пікір алмасу, ашық диалог пен командалық жаттығулар қарастырылған. Жастар үшін бұл – өз ойын білдіретін, жауапты шешімдер қабылдауға үйренетін және зиянды әрекеттерден аулақ болу жолдарын бірге талқылайтын үлкен мүмкіндік», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, форумға 100-ден астам жас қатысуда.

«Қатысушыларымыз үшін 4 диалог алаңы ұйымдастырылған. Онда ораторлық, психологиялық және нашақорлыққа қарсы бағыттағы спикерлер сөз сөйлейді. Сонымен қатар Қазақстанның танымал әншілерінің қатысуымен Open Air концерті өтеді», – деді Сұлтан Өмірғалиев.

Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы да жастармен бірлескен жұмыстың тиімділігін атап өтті:

«Біздің қызметіміздің бірнеше негізгі бағыты бар. Оның ішінде есірткі қылмыстарымен айналысатындарды анықтау, дәрілік препараттар мен психотроптық заттарды заңсыз айналымға жібермеуді қадағалау, сондай-ақ ең бастысы – жастар арасында алдын алу шараларын жүргізу. Бұл бағытта біз «Астана жастары» орталығымен тығыз әріптестік орнаттық. Жалпы статистикаға тоқталсам, жыл сайын есірткі қылмыстарын анықтауға қаражат артып келеді. Бірақ бұл бағыттағы ең маңызды жұмыстардың бірі – профилактика. Біз оны көбіне «Астана жастары» және бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен бірге жүзеге асырамыз. Әсіресе жастарға бағытталған алдын алу жұмыстары кең ауқымды, тек лекция оқумен шектелмейді, түрлі форматта кешенді түрде жүргізіледі», – деді ол.

Форум бағдарламасында жастарға арналған тренингтер, мастер-кластар, спорттық-ойын-сауық шаралары да қарастырылған. Жиын қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін үлкен open air концертпен қорытындыланбақ.

#законипорядок #заңжәнетәртіп