Астанада халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында экохаб ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жобаның авторы – ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов. Оның айтуынша, экохаб қала тұрғындарын қалдықтарды қайта өңдеуге тартуға және экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді.
«Біз жеті жылдан бері адамның экомәдениетке бейімделуіне ықпал ететін түрлі жобалар жасап келеміз. Мысалы, «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп», «Жасыл аула» секілді бағдарламаларымыз бар. Бірінші экохабты біз бір жыл бұрын Алматыда құрдық. Мақсатымыз – адамның экологиялық мәдениетке, қалдықтарды бөлек жинауға және экобілімге толықтай енуіне жағдай жасау еді. Бұл адамға қызықты бола бастайды, содан кейін ол қайта-қайта келгісі келеді», – дейді Евгений Мұхамеджанов.
Алматыдағы экохаб арқылы қазірге дейін шамамен 15-20 мың адам өткен.
«Мұнда шеберлік сабақтары, оқыту шаралары ұйымдастырылады. Келесі кезең – осындай хабтарды еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарда бар. Бұл «Таза Қазақстан» жобасымен де үндеседі. Менің ойымша, сенбіліктер мен ағаш отырғызумен қатар қалдықтарды сұрыптау әдетін қалыптастыру қажет. Адам тұтыну дағдысын өзгертіп, қоқысты аз шығарып, сатып алу тәсілін басқаша етуі тиіс. Мысалы, жай ғана тұрмыстық химия емес, жергілікті өндірілген экохимияны сатып ала бастайды», – дейді ол.
Экохаб аясында өткізілетін іс-шаралар ересектерге де, балаларға да арналады.