Хорватияның Задар қаласында джиу-джитсудан беделді Әлем кубогы аяқталды. Додаға 24 елден 348 мықты спортшы қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан құрамасы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болды.
Ерекше назарға іліккендердің бірі – елордалық спортшы Анеля Цой. Ол U18 санатында өнер көрсетіп, финалда Еуропаның үздік спортшысына қарсы шығып, 7:2 есебімен айқын жеңіске жетті.
«Финал оңай болған жоқ, себебі қарсыласым – Еуропадағы №1 спортшы. Бірақ мен өзіме сендім және не үшін татамиге шыққанымды білдім. 7:2 есебімен жеңіс – бұл бүкіл команда мен еліміздің еңбегінің нәтижесі. Маған қолдау көрсеткен бапкерлеріме, отбасым мен командама алғыс айтамын. Қазақстанның намысын қорғау – үлкен құрме. Қажырлы еңбектің жеміс беретінін дәлелдей алғаныма қуаныштымын», – деді Әлем кубогының жеңімпазы.
Жас спортшы бұған дейін Қазақстанның және Азияның екі дүркін чемпионы атанған. Енді ол өзінің жүлде қоржынына тағы бір ірі марапат – Әлем кубогының алтын медалін қосты.