Салауатты өмір салты мен техника: Qamqor Fest астаналық жастарды қалай біріктірді

Салауатты өмір салты мен техника: Qamqor Fest астаналық жастарды қалай біріктірді

Астанадағы Qamqor City сауда орталығының аумағында Qamqor Fest авто-мото көрмесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көрме техникалық спорт пен автомобиль мәдениетінің бірнеше бағытын біріктірді: офф-роуд, ралли, мотокросс, дрифт, автодыбыс. Алаңға ондаған автомобиль мен мотоциклдер қойылды.

Бағдарламаға балалар мен ересектерге арналған конкурстар, көрсетілімдік жарыстар және қатысушыларды марапаттау рәсімі енді. Ұйымдастырушылар 20-дан астам номинация бойынша жүлделер дайындады. Олардың қатарында: «Ең қатты шығатын дыбыс», «Ең төмен көлік», «Үздік интерьер», «Үздік жалын», «Ескі мектептің аңызы», «Үздік дрифт-кар», «Үздік жол талғамайтын көлік», «Үздік кішкентай мотокросшы» және тағы басқалар бар.

Фестивальді «Астана қаласының авто-мотоспорт федерациясы» қоғамдық ұйымы Qamqor City, ҚР ІІМ, елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өтіп, бірқатар маңызды әлеуметтік бастамаға арналды: «Астана – есірткісіз қала» акциясы (Астана қаласы ДП ЕҚҚІҚБ қолдауымен), «Біз жолдағы қауіпсіз қозғалысты қолдаймыз» қозғалысы (Астана қ. ФАМС ҚБ).

Фестивальдің басты мақсаты – жастар арасында авто-мотоспортты танымал ету, техникалық спорт түрлерін дамыту және салауатты, белсенді өмір салтын насихаттау.

«Qamqor Fest – бұл жай ғана авто-мото көрме емес, ол – ашық алаң, тәжірибе алмасу және шабыттану орны», – деп атап өтті Астана қаласы Авто-мотоспорт федерациясының президенті Анатолий Бондарь.

Ол сондай-ақ мұндай жобалардың техникалық спорттың дамуына серпін беретінін және белсенді әрі салауатты қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосатынын айтты.

Фестиваль жастардың техникалық спортқа қызығушылығын арттыруға, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.