«Таза Қазақстан»: елордалық Қуыршақ театры кішкентай көрермендерге тазалықтың маңызын ойын арқылы түсіндірді

«Таза Қазақстан»: елордалық Қуыршақ театры кішкентай көрермендерге тазалықтың маңызын ойын арқылы түсіндірді

Елордалық Қуыршақ театры «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кішкентай көрермендерге тазалықты сақтау мен табиғатты қорғаудың маңызын ойын арқылы түсіндірді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

«Түймеқыз» спектаклін тамашалағаннан кейін Қуыршақ театрының кішкентай көрермендері үшін «Тазалық бесіктен басталады» ұранымен тақырыптық ойындар ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – балаларға табиғатты сүюді, экологиялық жауапкершілікті және қоршаған ортаға сақтықпен қарауды ерте жастан үйрету.

«Біз балаларға қалада тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ойын түрінде түсіндірдік. Қатысушылар командаларға бөлініп, өнерпаздар ұсынған тапсырмаларды көңілді жарыстар форматында орындады. Бала күннен меңгерген іс мінездің бір бөлігіне айналады. Егер бала балалық шақтан бастап қоқыс тастамау, қалдықтарды сұрыптау және табиғатты қорғау керектігін түсінсе – бұл дағдылар өмір бойы сақталады», – деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Балаларға ақпаратты осылай ойын түрінде жеткізу өте ұнады.

«Мектепте мұғалімдер, үйде ата-анамыз бізге экология туралы айтып отырады. Бұл маңызды, себебі тазалық пен тәртіп – тек ересектердің немесе коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес. Әркім өз үлесін қосуы керек, тіпті кішкентай бала да», – деді экологиялық акцияға қатысқан бір көрермен.

ТазаҚазақстан  #экология  #TazaChallenge @TazaQazaqstan