Бас прокуратура мен Астана халықаралық университеті тәуекелдерді болжау бойынша бірлескен зерттеулер жүргізеді

Бас прокуратура мен Астана халықаралық университеті тәуекелдерді болжау бойынша бірлескен зерттеулер жүргізеді

«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру және мемлекеттік басқаруға заманауи талдау әдістерін енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мен Астана халықаралық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, меморандум құқық қорғау органдары мен академиялық қауымдастықтың күшін біріктіре отырып, қылмыстық қатерлерді болжау және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін анықтау бойынша инновациялық шешімдерді дамытуға бағытталған.

Ерекше назар Мемлекет басшысының биыл маусым айында құқық қорғау органдары алқасының отырысында берген тапсырмасын орындау аясында құрылған Комитеттің жаңа құрылымына аударылды.

Бұл – қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы. Ол құқық қорғау органдарының тәжірибесіне ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды енгізуге арналған алаң болып табылады.

«Қылмыстық қатерлерді болжау міндетін орындай отырып, Комитетке бір мезгілде технологиялық құралдарды да, зерттеу әдістерін де қолдануға тура келеді. Олардың тиімділігі ғылыми негізге, тереңдігіне және сапасына тәуелді. Дәл осы тұста Университеттің рөлі ерекше. Біз үшін ғылыми қызметкерлердің тікелей тәжірибеде қолданылатын міндеттермен бірге жұмыс істеуі маңызды. Ынтымақтастық Комитеттің нақты деректерін академиялық орта ұсынатын әдістемелік сараптамамен ұштастырып, құқық қорғау органдары қолдана алатын үлгілерді жасауға мүмкіндік береді», – деді Комитет төрағасы Сабит Нұрлыбай.

Келісімдерге сәйкес, Комитет пен Университет практикалық қажеттіліктерге бейімделген қылмыстылықты болжау бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастайды.

Бұл Университетке зерттеу базасын кеңейтуге және өзектендіруге, ал Комитетке ғылыми негізделген озық әзірлемелерді енгізуге жол ашады.

Меморандумның жеке бағыты – қылмыстық қатерлерді болжау орталығының жобаларына IT-бағыттағы жоғарғы курс студенттерін тарту. Болашақ мамандар мемлекеттік органда тәжірибеден өтіп, бірегей жұмыс тәжірибесін жинақтап, талдамалық құралдарды дамытуға үлес қоса алады.

Ынтымақтастықтың стратегиялық нәтижесі – қылмыстылықты болжау үлгілерін және ерте ескерту жүйелерін жасай алатын жаңа талдамалық мектеп құру. Бұл үлгілер полиция, прокуратура және өзге де құқық қорғау органдарының тәжірибелік жұмысында «Заң және тәртіп» нарративін жүзеге асыру үшін қолданылады.

#законипорядок #заңжәнетәртіп