«Денсаулық аралдары»: Астанада тұрғындардың денсаулығына қатысты ашық есік күні өтті

«Денсаулық аралдары»: Астанада тұрғындардың денсаулығына қатысты ашық есік күні өтті

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) бірлесіп, «Сарыарқа» сауда орталығында «Денсаулық аралдары» акциясы аясында ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында қала тұрғындарына медициналық сақтандыру жүйесі туралы толық ақпарат беріліп, өз құқықтарына қатысты сауалдарға жауап ұсынылды. Мамандар медициналық сақтандырудың тиімді тұстарын түсіндіріп, азаматтардың қандай жағдайда тегін медициналық көмек ала алатынын және сақтандыру пакетіне кіретін қызмет түрлерін жан-жақты баяндады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – халықтың медициналық қызметтерді толық әрі тиімді пайдалануына көмектесу және артық қаржылық шығындарды азайту.

«Біз үшін ең маңыздысы – халықтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз құқықтарын толық білуі. Әр азамат қандай қызмет түрін тегін ала алатынын және қандай жағдайда қосымша ақы төлемейтінін нақты түсінуі қажет. Бүгінгі ашық есік күні тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, көкейде жүрген сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп отырады», – деді Астана қалалық Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Шынар Сатылқанқызы.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі тегін медициналық көмектің ауқымы, сақтандыру жарналары және шетелде емделу мүмкіндіктеріне қатысты болды.