«Конституция – құқықтық мемлекеттің іргетасы болып қала береді» – елордалық сарапшы

«Конституция – құқықтық мемлекеттің іргетасы болып қала береді» – елордалық сарапшы

Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай елордалық сарапшы, халыққа заңгерлік көмек көрсететін ZanTech стартапының негізін қалаушы Сауле Құсайынова елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың нәтижелері туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Көп жылдық тәжірибесі бар заңгердің айтуынша, Конституция – жай ғана құжат емес, ол – әділдіктің, теңдіктің және азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі.

«Негізгі заң 1995 жылы, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған жылы қабылданды. Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Олар демократиялық қағидаларды күшейтті: Президент, Парламент пен Үкімет арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді, президенттік мерзім бір ғана жеті жылдық кезеңмен шектелді, президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салынды, азаматтардың өтініш білдіру құқығы бар Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді, өлім жазасы жойылды және жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі күшейтілді», – деп атап өтті сарапшы.

Ол 2024 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған заң қабылданғанын еске салды. Бұл заң дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады, балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтеді, буллинг, кибербуллинг және суицидті насихаттауға қатысты жаңа баптар енгізілді.

Осылайша, Конституция құқықтық мемлекеттің берік іргетасы болып қала береді. Жаңа заңдар адам өмірін қауіпсіз етеді, әйелдер мен балаларды қорғайды, әділеттілік сезімін нығайтады. Мұның бәрі бірге Қазақстанды демократиялық, әділ әрі заманауи мемлекет ретінде қалыптастырады, дейді Сауле Құсайынова.

«Конституция құқықтық мемлекеттің іргетасы болып қала береді, ал оны толықтыратын реформалар әділетті әрі қауіпсіз қоғамға деген ұмтылысты көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қайғылы оқиғалардың заңнамада және қоғамдық санада нақты өзгерістерге түрткі бола алатынының символына айналды. Конституция мен жаңа заңдар бірге Қазақстанның даму бағытын айқындайды: демократиялық институттарды нығайту мен азаматтардың осал топтарын қорғауға бағытталған нақты шаралар. Қазіргі таңда Конституцияда Қазақстан азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген, алайда тәжірибеде бірқатар сын-қатер бар. Ең алдымен, азаматтар істердің әділ қаралатынына сенім арта алуы үшін соттардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет», – деп баса айтты заңгер.

Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі айтарлықтай өскен: азаматтардың көбі өз мүдделерін құқықтық алаңда қорғауға ұмтылуда. Алайда бұл өз кезегінде басқа бір қатерді туындатты – адамдардың сенімін теріс пайдаланатын, қызмет құнын негізсіз көтеретін және күрделі құқықтық мәселелерге бірден шешім ұсынамыз деп жалған уәде беретін адал емес «жалған сарапшылар» пайда болды.

«Осындай манипуляциялардың салдарынан азаматтар қаржысынан, уақытынан, ең бастысы – нағыз мамандарға деген сенімінен айырылады. Бұл қазіргі құқықтық кеңістіктегі өткір мәселелердің бірі. Менің заң саласында 30 жылдан астам тәжірибем бар, оның 25 жылы құқық қорғау органдарында өтті. Полиция подполковнигі шенінде зейнетке шықтым. Алты жылдан бері жеке заңгерлік тәжірибемен айналысамын және қаншама адамның жалған заңгерлер мен алаяқтардан жапа шегіп жатқанын көремін. Осы идеямен «Террикон аңғары» бағдарламасына қатысып, олардың акселерациясынан өттім. Трекерлер мен сарапшылардың көмегімен жобаны жүйеледік, модельді сынақтан өткіздік және адамдарға нақты көмек көрсетуді бастадық», – дейді Сәуле Құсайынова.

Ол әрбір қазақстандық сенімді заңгерді таба алатын, қолжетімді кеңес алып, өз құқықтарына нақты түсініктеме беретін онлайн-сервис құрды. Платформада адвокаттар, нотариустар, түрлі бағыттағы тәжірибелі заңгерлер жұмыс істейді. Оның көмегімен азаматтар мүліктік, мұрагерлік, еңбек даулары мен тіпті спорттық келіспеушіліктерін де шеше алды.