«Таза Қазақстан»: елордада Кіші Талдыкөл көлін тазалау жұмысы жүргізілді

«Таза Қазақстан»: елордада Кіші Талдыкөл көлін тазалау жұмысы жүргізілді

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Кіші Талдыкөл көлінің №5 және №7 учаскелерінде экологиялық іс-шара өтті. Шараның мақсаты – су айдынын биологиялық тұрғыда тазарту және қалпына келтіру, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кіші Талдыкөлді тазалау жұмысына волонтерлер, жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындары, экобелсенділер, елорданың Нұра ауданы әкімдігінің өкілдері мен Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары қатысты.

Акцияға қатысушылар ЭМ-шарларды суға жіберуге көмектесті. Бұл – қоректік заттар мен пайдалы бактерияларға бай тиімді микроағзалар қосылған саз балшық шарлары. Олар көл түбіне түскен соң біртіндеп ериді, осылайша ұзақ мерзімге тазаруға көмектесіп, су айдынының табиғи биотеңгерімін қалпына келтіреді. Сонымен қатар артық балдырлар мен көл жағасындағы қоқысты жинау бойынша санитарлық жұмыс жүргізілді.

Экологиялық акция 2025 жылдың басынан бері жүргізіліп келе жатқан Кіші Талдыкөлді қалпына келтіруге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болды. Оның мақсаты – ластану деңгейін азайту, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру және елорда тұрғындары арасында табиғатты ластамау мәдениетін қалыптастыру.

ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan