Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елорданың жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі – Astana Polytechnic колледжі. Елордадағы бұл колледж IT, мехатроника, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және құрылыс технологиялары бағытында жаңа мамандар даярлайды. Өзінің үздік тәжірибесімен және инновациялық тәсілдерімен танымал оқу ордасы бүгінде білім мен өндірісті тоғыстырған заманауи орталыққа айналған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан колледждерінің ТОП-10-дығына кіретін білім ұясында екі мыңнан астам студент бар. Олар 11 мамандық бойынша білім алуда. Оқу мекемесінде 7 заманауи ресурстық орталық жұмыс істейді. Оннан астам халықаралық білім беру жобасымен айналысып келеді.
Сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарында ұдайы жеңіске жететін мұндағы бітірушілерге елдегі жетекші компаниялардан жиі ұсыныс түсетіні де рас.
«30 жылдан астам тарихы бар «Astana Polytechnic» жоғары колледжі еңбек нарығына кәсіби мамандарды дайындап келеді. Біздің колледж «Talap» КЕАҚ жүргізген рейтинг қорытындысымен бірнеше рет республиканың «Үздік колледжі» атағына ие болды. 2021, 2022, 2024 жылдары техникалық және кәсіптік білім берудің «Үздік ұйымы» ретінде Астана қаласы әкімінің грантын иеленді. Оқу орнында 85 педагог бар, оның ішінде 9 педагог-өндірістік оқыту шебері, магистрлер, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, PhD докторы, педагог-шебер, педагог-зерттеуші, сондай-ақ республиканың 5 үздік педагогы қызмет атқарады», – дейді колледж директорының орынбасары Сәния Досман.
Оның сөзінше, колледжде дуалды оқыту бойынша тұрақты серіктестері бар. Атап айтсақ, «Қазақтелеком» АҚ, FREEDOM Telecom, KAZTELESYSTEM, Бителеком, IMBC халықаралық машина жасау орталығы, «AUTOLAND» автосервистер желісі, «Aster AUTO ASTANA» ЖШС, «MEGA Motors Astana» ЖШС, «№1 автобус паркі» АҚ, «Hyundai Premium Astana» және т.б. кәсіпорындар колледжбен тығыз байланыста. Жалпы білім ордасы бүгінге дейін 200-ден астам әлеуметтік серіктестермен қарым-қатынас орнатып, студенттерге кәсіптік және өндірістік тәжірибеден өтуге, сондай-ақ оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа тұрақты орналасуға үлкен мүмкіндік тудыруда.
Колледж басшылығының айтуынша, қазір техникалық мамандыққа бұрынғыдай емес, сұраныс артқан. Оған басты себеп – жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, IT мен техникалық қызмет көрсету саласына оқуға қызыққан мектеп түлектері жетерлік. Мысалы, осы колледжде бір орынға 5 талапкер конкурсқа түсіп отыр.
Айта кетейік, биыл 542 түлек колледжді тәмамдаған. Сондай-ақ 800-ге жуық баланы осы жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылдау жоспарланыпты. Мұнда шәкірақы да бар. Оқу озаттары мен үлгерімі жақсы студенттерге 41-45 мың теңге беріледі. Сондай-ақ қоғамдық көлікпен жүру кезінде екі АЕК ретінде жол жүру билеті де қарастырылған. Ең бастысы, жатақханада тұру тегін.
«Біз 10 халықаралық колледждің бірі болуды мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйегінен бастап 938 орындық студенттерге арналған жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Ал Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «POLYTECH GENERATION – 2025» І Халықаралық фестивалін өткізу ойластырылып жатыр», – дейді Сәния Нағмедханқызы.