Астананың Нұра ауданы аумағында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» концепциясы аясында кезекті түнгі рейд өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Нұра аудандық полиция басқармасы жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Рейд барысында құқық қорғау органдары танымал түнгі клубтар, орталық саябақ, сауда және ойын-сауық орталықтары, компьютерлік клубтарды тексерді.
Мақсат – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қатысуымен немесе оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ белгіленген заңды уақыттан кейін жасөспірімдердің ата-анасынсыз немесе заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүруін болдырмау.
«Түнгі рейдтер қалалық құқық тәртібін нығайтуға ықпал етеді және қауіпсіз қала ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта тұрақты жұмыс жас ұрпаққа қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, тәртіптілікті арттыруға және заңға деген құрметті қалыптастыруға көмектеседі», – деді Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Руслан Сабитов.
Рейд барысында ювеналдық полиция қызметкерлері түнгі уақытта ересектерсіз қоғамдық орындарда жүрген 11 жасөспірімді анықтады.
Жасөспірімдердің заңды өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабының 2-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, рейдтер кезінде полиция қызметкерлері аулаларда, көшелерде, саябақтарда, сауда орталықтарында, демалыс және ойын-сауық орындарында патруль жүргізеді. Арнайы назар жасөспірімдердің ересектерсіз көшеде жүруіне аударылады. Оларға және олардың ата-аналарына профилактикалық әңгімелер өткізіледі, әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркеледі және алдын алу шаралары жүргізіледі. Анықталған жасөспірімдер заңды өкілдеріне тапсырылды.
#законипорядок #заңжәнетәртіп