Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Алматы ауданының тұрғындарымен есептік кездесуде көтерілген мәселелер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Алматы ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Ниет білдіргендердің бәрі «ашық микрофон» форматында сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындар әлеуметтік нысандардың құрылысы, жол инфрақұрылымы, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жарықтандыру, көлік және т.б. мәселелерді қозғады.
Қазіргі уақытта ауданның Төлебаев және Жансүгіров көшелерінде жайлы мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мектептерді жаңа оқу жылының басына дейін ашу жоспарланып отыр.
Сол сияқты Төлебаев көшесі, 5 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің маңында Оқушылар сарайының, ал Қошқарбаев даңғылы, 1 мекенжайында жалпы білім беретін жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тамыз айында Теміржолшылар елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашамыз.
Биыл Алматы ауданында 15 қоғамдық кеңістік салу жоспарланып отыр. Бүгінде 6 гүлзарда жұмыс аяқталды, оның ішінде «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданындағы Келес көшесі, Теміржолшылар елді мекеніндегі Керегетас көшесі, «3 Гектара» тұрғын үй кешенінің маңы және «Хабар» ТК-ның қарсы бетіндегі кеңістік бар. Мүсірепов көшесіндегі қоғамдық кеңістікте жұмыс аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, 71 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Абаттандыру барысында қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Оларды қысқа, орта және ұзақ мерзімге бөлеміз. Мұндай кездесулер қаладағы барлық ауданда өткізіледі», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.