«Спорт – елдің мерейі»: Астанада зейнеткерлер арасында ерекше іс-шара өтті

«Спорт – елдің мерейі»: Астанада зейнеткерлер арасында ерекше іс-шара өтті

Қазақстанда Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтеді. Аталған мереке қарсаңында Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Спорт – елдің мерейі» атты спорттық іс-шара өтті. Нұржол гүлзарындағы субұрқақ жанына белсенді спортшы ата-әжелер жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шараға оңалту гимнастикасының жаттықтырушысы Хулимат Әубәкірова, «Айкүне» қазақ гимнастикасының жаттықтырушысы Гүлнар Шынасылова, сондай-ақ, цигун мен скандинавиялық серуен секцияларының жетекші Кама Исенова мен «Жаңа толқын» би клубы бастаған бірқатар спортшылар зейнеткерлер ерекше белсенділік танытты.

Зейнеткерлер салауатты өмір салтын қолдап, мерекелік топтық спорттық билер биледі. Сонымен қатар, 6 ауданның зейнеткерлері қатысқан «Таңғажайып тоғызқұмалақ» атты тоғызқұмалақ турнирі өз мәресіне жетіп, үздіктер анықталды.

Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасынан І орынды Раткан Әліпбаев (Алматы), ІІ орынды Нұртаза Сакуов (Есіл), ал ІІІ орынды Сәрсенбай Қайыржанов (Байқоңыр ауданы) жеңіп алды.

Әйелдер арасында Гауһар Жаңабаева (Есіл) жеңімпаз атанса, қалған ІІ-ІІІ орындарды Жамалхан Тоғысова (Нұра) мен Наиля Оразбаева (Байқоңыр) өзара бөлісті.