Елордадағы «Жетісу» саябағында скандинавиялық жүрістен кезекті жаттығу өтті. Оған қала тұрғындары мен қонақтарының қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жаттығу бір сағатқа созылып, нұсқаушы қатысушыларға жүрістің дұрыс техникасын түсіндірді
«Бұл өте қолжетімді әрі пайдалы спорт түрі. Барлық бұлшықет жұмыс істейді: арқа, қол, аяқ. Маған әсіресе дененің тік қалпына келуі ұнайды. Бар болғаны бір айдан бері айналысып жүрмін, бірақ қазірдің өзінде нәтижесін көріп жүрмін», – деді жаттығуға қатысушы Әсел Құдайқұлова.
Жобаны қала әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Сабақтар тіркеусіз, тегін өткізіледі.
«Скандинавиялық жүріс – біздің басым жобаларымыздың бірі. Қазір жаттығулар елорданың бірден алты саябағында өтіп жатыр. Әркімнің үйіне жақын жерде тегін спортпен айналысуына жағдай жасауға тырысамыз. Қызығушылық артып келеді – әр жаттығуға 20-30 адам қатысады», – деді Астана әкімдігі Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Сабақтар 6 тамыздан 5 қазанға дейін аптасына үш рет – сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Жаттығу орындары:
• «Жетісу» саябағы (Есіл ауданы) – «Шарын шатқалының» артында;
• «Йога» саябағы (Сарыарқа ауданы) – Бейбітшілік көшесі мен Бұқарбай батыр көшесінің қиылысы;
• Орталық саябақ (Нұра ауданы) – шаңғы-роллер трассасы;
• «Жерұйық» саябағы және Триатлон паркі (Алматы ауданы);
• Президент саябағы (Сарайшық ауданы) – Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 1Б.
Маңызды ақпаратты +7 747 095 78 62 телефоны арқылы алуға болады. Жаттығу кестесі Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының сайтында және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.