Астанада Абайдың 180 жылдығына арналған Домбыра Party кеші өтті

Астанада Абайдың 180 жылдығына арналған Домбыра Party кеші өтті

Астананың Арбатында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және әкімдіктің қолдауымен ұлы ақын Абайдың 180 жылдығына арналған Домбыра Party кеші өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

10 тамыз – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай елордада бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған кезекті Домбыра Party іс-шарасы өтті. Бұл – 2012 жылдан бастау алған, ал соңғы үш жыл қатарынан дәл осы Абай күніне арналып өткізіліп жүрген ұлттық шара. Домбыра Party-де Абай әндері мен өлеңдері орындалып, халық өнері дәріптеледі. Ұлы ойшылдың «Құлақтан кіріп бойды алар» деген өсиеті осы кеште жанды.

«Үш жыл қатарынан Абай күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Домбыра Party өткізіп, Абайдың әндерін үнемі шырқап, өлеңдерін оқып тұруға тырысамыз. Биыл – үшінші жыл.», – дейді ұйымдастырушы Алмас Алтай.

Абай тек ақын емес, ол – ұлттың рухани тірегі. Кештің басты миссиясы – осы ұлық мұраны бүгінгі ұрпақпен байланыстыру.

Кешке Астана тұрғындарымен қатар, қала қонақтары да белсенді қатысты. Ұлттық киім киген, домбырамен күй шерткен, өлең шумақтарын жатқа оқыған қатысушылар рухани кештің сәнін келтірді.

Айта кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада 180 жылдық мерейтойға арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бастау алған. Қаладағы білім, мәдениет, спорт және өзге де салалар бойынша 140-тан астам түрлі іс-шара өткізіліп жатыр.