Астанада «Абай даналығы – құқықтық мәдениеттің іргетасы» атты пікірлесу диалог алаңы ұйымдастырылды

Астанада «Абай даналығы – құқықтық мәдениеттің іргетасы» атты пікірлесу диалог алаңы ұйымдастырылды

Елордадағы №97 мектеп-лицейде «Әділет мектебі» жобасы аясында «Абай даналығы – құқықтық мәдениеттің іргетасы» атты пікірлесу диалог алаңы ұйымдастырылды. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен іс-шара ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Диалог алаңына модератор болған «Басқару» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлының айтуынша, ұлы Абайдың шығармашылығы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен қабысып жатыр. Сол себептен жиында хакім шығармаларындағы құқықтық жауапкершілік пен тәртіп түсінігі мен Қара сөздердегі құқықтық сана мен әділдік қағидалары талқыланды.

Ал №97 мектеп-лицей директоры Зәмзәгүл Қиянованың пікірінше, Абайдың қай шығармасы да тәртіп пен құқықтық сауаттылыққа негізделген. Жиынның мақсаты да осы жайлы ұстаздарды ақпараттандыру, ал мұғалімдер мұны әрі қарай оқушыларға жеткізу керек.

«Абай атамыздың айтқаны ешқашан ескірмейді. Білім, ғылым саласында кейде шетелдік ғалымдарға сілтеме жасалып жатады. Ал ұлы ақын сияқты «бес асыл іс пен бес дұшпанды» кім айтты? Дүние жүзінде осы туралы айтқан ғалымдар бар ма? Жоқтың қасы, жоқ деп айтуға да болады. Абайдың осы айтқанымен мемлекетіміз жүрсе, сөзсіз дамиды», – деген Астана қаласы Адвокаттар алқасының мүшесі, заң кеңесінің меңгерушісі Айдархан Тұрғанұлы Абай мен Шәкәрім шығармашылығындағы сабақтастық жайында әңгіме өрбітті.

Оны «Басқару» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлы қостап, Абай айтқан «Бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» айналасында ой толғады.