Елімізде 10 тамызда қазақтың ақыны, ағартушысы, философ Абай Құнанбайұлының туған күні атап өтіледі. Астанада ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды шаралар жыл басынан бастау алды. Қаланың білім беру, мәдениет, медицина және басқа да салаларындағы мекемелерде бүгінге дейін 140-тан астам түрлі іс-шара өтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
10 тамыз – Абай күніне орай елордада бірқатар маңызды мәдени және рухани шаралар өтеді. Мереке күні таңертең Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Осы күні «Нұрлы Жол» бульварында домбыра үнімен көмкерілген «Домбыра party» өтеді, онда Абайдың әсем әндері орындалады.
Атаулы мереке аясында 5000 оқушы Абай әндерін бірге орындайды. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин музейінде және басқа да мәдени нысандарда «Абай әлемі» атты фото-көрмелер ашылады.
Қаланың кітапханаларында, әлеуметтік мекемелер мен мәдени орталықтарында Абай шығармашылығына арналған ашық сабақтар, мәнерлеп оқу байқаулары, дөңгелек үстелдер мен поэзия кештері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде #АбайдыОқыЖалықпа челленджі бастау алады.
«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Абай Құнанбайұлының қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары мен ұрпақтары» атты арнайы көрме ашылады. Ал көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада «Абай дара – Абай дана» атты әдеби глобус ұйымдастырылады. Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Абай даналығы» атты дөңгелек үстел өтеді. Сондай-ақ, «Astana» ӘКК» АҚ конференц-залында «Ұлы Абайдың 45 қара сөзі» атты талқылау отырысы өтіп, қатысушылар Абай мұрасының заманауи мән-маңызын талқылайды.
Астана қаласының Ә. Мәмбетов көшесі, 24 мекенжайында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы ұйымдастырылады. Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай өлеңдерін жатқа оқу сайысы өтеді.
Елордалық Байқоңыр ауданында 5 тамыз күні Қаламгерлер аллеясында «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес…» атты әдеби-поэтикалық кеш өтеді. Іс-шара аясында Абай шығармалары оқылып, ой-толғамдармен бөлісу ұйымдастырылады.
7 тамыз күні Бараев көшесінің бойында «Абай өлеңдерінен ашық микрофон» өтеді. Қала тұрғындары мен жастар ақын өлеңдерін еркін форматта оқып, рухани мұрамен жақынырақ таныса алады.
8 тамыз күні Ұстаздар саябағында екі бірдей мазмұнды іс-шара жоспарланған. Алдымен «Абай – ұлт рухы» атты флешмоб өтеді. Қатысушылар алаңда бірлесіп ABAI деген жазуды құрып, ақын рухына тағзым білдіреді. Одан кейін дәл сол жерде ашық поэтикалық кеш ұйымдастырылады. Қатысушылар Абай өлеңдерін, қара сөздерін оқып, оның рухани мұрасын кеңінен насихаттайды.
«Алматы» ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 7 тамызында Ақбұлақ өзінінің жағалауындағы Пушкин Аллеясында «Абай мұрасы – ұлттың қазынасы» атты әдеби кеш өткізіледі.
Есіл ауданы бойынша 8 тамыз күні Ұлттық академиялық кітапханасында «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Сонымен қатар, осы күні Абай өлеңдерін оқитын қала тұрғындарының қатысуымен көше түсірілімдері жүргізіледі.
Нұра ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде «Абай сөзі – ұрпаққа өнеге» атты поэзия кеші, өтсе «Сарыарқа» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңдерінің челленджі өтеді.
9 тамыз күні Кенесары ескерткіші жанында «Abai Open Mic» атты ашық поэтикалық алаң ұйымдастырылып, жас ақындар Абайға арналған жырларын оқыды. Есіл өзенінің жағалауындағы Арбатта «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» атты кеште халықпен бірге Абай Құнанбаевтың қара сөздеріне арналған блиц-сауалнама өткізіледі.
10 тамыз күні сағат 17:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтың қатысуымен «Абай әлемі» атты мерекелік концерт өтеді.
Абайдың рухани мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл ауқымды бастамалар елордалық тұрғындарға ұлы ақынның шығармашылығын жаңаша қырынан танып, ұлттық болмысты тереңірек сезінуге жол ашады.