Қазақстанның ұлттық баскетбол құрамасының ойыншылары қатысқан РВC ASTANA клубы Болашақ ойындары-2025 турниріне іріктеу кезеңінің финалында жеңіске жетті. «Астана» командасында Ұлттық құраманың ойыншылары – Руслан Айтқали мен Асқар Майдекин бар. Дәл осы команда биыл желтоқсан айында Абу-Дабиде өтетін халықаралық мультиспорттық фиджитал турнирде еліміздің намысын қорғайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
РВC Astana командасы фиджитал баскетболдың екі бағыты – дәстүрлі (физикалық) және цифрлық форматтарында да жоғары деңгей көрсетті. Олар қарсыластарын тек алаңда ғана емес, виртуалды кеңістікте де жеңді. Екінші орынды Алматы қаласының атынан сынға түскен Saubol Basketball командасы иеленді. Бұл команданың құрамында да республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі болған, кибербаскетбол бойынша Қазақстан құрамасының мүшелері болды.
«Бұл – отандық спорт үшін тарихи сәт. Ұлттық құраманың ойыншылары өнер көрсеткен команда дәстүрлі спорттағы шеберлікті заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыра алатынын дәлелдеді. Шынайы және виртуалды алаңда қатар ойнап, жеңіске жете білу кәсіби спортшыларға жаңа бағыттар мен тың мүмкіндік ашады. Біз жеңімпаз командалардың Абу-Дабиде Қазақстанды лайықты таныстырып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген фиджитал спортшыларға осал қарсылас болатынына сенімдіміз», – деді Болашақ ойындары-2026 турнирін ұйымдастыру және өткізу дирекциясының басшысы Әлібек Хасенов.
Айта кетейік, Road to Abu Dhabi іріктеу турнирі Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Жарыс фиджитал футболдан және фиджитал баскетболдан ұйымдастырылды және ол Қазақстан клубтары үшін Games of the Future 2025 турниріне қатысудың басты кезеңі болып саналады. Бұған дейін атап өткеніміздей, Абу-Дабидегі жарысқа Қазақстан атынан 3 команда қатысады деп жоспарланған. Олардың бірі xGod командасы – 2024 жылы Қазанда өткен турнирде фиджитал шутер бағыты бойынша жеңіске жетіп, жолдама иеленген болатын. Ал қарағандалық UEL Team фиджитал футбол командасы осы іріктеу турнирінде топ жарып, Болашақ ойындары-2025 додасына қатысу құқығына ие болды.
Айта кетейік, фиджитал спорт бағытындағы алғашқы халықаралық мультиспорттық турнир 2024 жылы Қазан қаласында өтті. Екінші турнир биыл Абу-Дабиде ұйымдастырылады. Ал келесі жылдың жазында Болашақ ойындары-2026 фиджитал жарыс Астанада өтеді. Турнирге әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысып, 13 фиджитал дисциплина бойынша бақ сынайды деп күтіліп отыр.