Астанада қосымша білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізуге бағытталған QOSYMSHA.KZ пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында ата-аналар мен заңды өкілдерге әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында елордадағы алты аудан бойынша консультациялық пунктер жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған консультациялық пунктерде жаңа цифрлық платформаны пайдалану тәртібі мен кезеңдері туралы тегін кеңес беріледі. Жауапты консультанттар ата-аналарға қажетті бағыт-бағдар ұсынып, жүйеге тіркелу процесін түсіндіреді.
Ата-аналардың ыңғайлылығы үшін консультациялық пунктер сенбі және жексенбі күндері де жұмыс істейді.
Консультациялық пункттер мына мекенжайларда орналасқан:
• Алматы ауданы – Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы (Б. Момышұлы даңғылы, 5);
• Байқоңыр ауданы – №1 өнер мектебі (Абай даңғылы, 74), №3 балалар музыка мектебі (Бейсекбаев көшесі, 3);
• Есіл ауданы – №2 өнер мектебі (Достық көшесі, 13);
• Нұра ауданы – №85 мектеп-лицей (Қабанбай батыр даңғылы, 56);
• Сарыарқа ауданы – Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы (А. Мамбетов көшесі, 1);
• Сарайшық ауданы – №83 мектеп-гимназия (Байтұрсынов көшесі, 35).
QOSYMSHA.KZ – балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған қосымша білім беру ұйымдарына мемлекеттік қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған ақпараттық цифрлық жүйе.