«Елорда жастары»: бағдарлама жас инженерге баспаналы болуға қалай көмектесті

«Елорда жастары»: бағдарлама жас инженерге баспаналы болуға қалай көмектесті

«Елорда жастары» бағдарламасы бірнеше жылдан бері елордалық жас мамандарға жеке баспана алуына көмектесіп келеді. Астаналық инженер-энергетик Азат Мусин бұл бағдарламаға қалай қатысып, жеңілдетілген шарттармен баспаналы болғаны туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Азат бұл бағдарламаға қатысу мүмкіндігі туралы ойламаған жерден біліпті. Айтуынша интернеттен бағдарлама жайлы оқиған. Кейін бұл тақырыпты туыстары мен жұбайы қозғап, өтініш беріп көруді талқылаған.

«Шынымды айтсам, нәтиже болады деп ойлаған жоқпын. Жұбайымның айтуымен өтініш бердім. Ол барлық талапты мұқият қарап шықты да: «Барып көр, мүмкін бағың жанар» деді. Айтқанын орындап көрдім», – деп еске алады ол.

Айтуынша, құжат жинау процесі күткендегіден жеңіл болған.

«Бар болғаны екі күнде қажетті құжаттарды жинап үлгердім – алдымен ХҚО-дан, кейін жұмыс орнымнан алып, электронды портал арқылы өтініш бердім», – дейді бағдарлама қатысушысы.

Өтініш берген соң Азат бұл туралы ұмытып та кеткен. Алайда кейін оның кандидатурасы мақұлданғаны және мемлекеттік бағдарлама жеңілдетілген шарттармен баспана алу құқығына ие болғаны жөнінде хабарлама келген.

«Эмоциямды сөзбен жеткізу мүмкін емес, нағыз тосынсый болды. Бұған дейін жұбайым екеуміз пәтер жалдап, жиі көшіп жүретінбіз. Ал қазір тұрақтылық пен болашаққа деген сенім пайда болды. Бұл – үлкен қолдау», – дейді ол.

Азат Мусин үшін «Елорда жастары» бағдарламасына қатысу өміріндегі маңызды белес болды. Ол алғаш рет болашағын ойлағанындай жоспарлап, ай сайынғы пәтерақы туралы уайымдамайтын болды.

«Өз баспанаң болғаны – жан тыныштығы. Ертең жалдау ақысы қымбаттап кетеді немесе тағы көшу керек болады деп уайымдамайсың. Өмір сәл де болса жеңілдеді», – дейді ол.

Астаналық тұрғын жастарға тұрғын үй бағдарламаларына міндетті түрде қатысуға кеңес береді.

«Қорықпай, бағын сынап көрген дұрыс. Мүмкіндігің аз сияқты көрінсе де өтініш беріңіз. Менің жағдайымда өз мамандығымның сұранысқа ие 100 мамандықтың қатарына енуі қосымша балл жинауға көмектесті. Ең бастысы – мүмкіндікті жіберіп алмау», – дейді Азат.

«Елорда жастары» бағдарламасы елорданың негізгі салаларында жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған. Азат Мусиннің оқиғасы – мемлекеттік қолдаудың сенімді болашақ құруға қалай көмектесетінінің жарқын дәлелі.