Гастрофестиваль: Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен 30 тонна қымыз жеткізілді

Гастрофестиваль: Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен 30 тонна қымыз жеткізілді

Астанада ел тарихында тұңғыш рет ұлттық сусын – қымызға арналған ірі гастрофестиваль «BaiQymyz – бапталған қымыз» өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальдің алғашқы күнінде, елордада жаңа рекорд тіркелді – еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар Астанаға 30 тоннадан астам қымыз әкелді. Мұндай ауқымдағы шара Қазақстанда бұрын-соңды өткізілмеген.

«BaiQymyz» фестиваліне еліміздің әр өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысып жатыр.

Әрқайсысы 500 литрден астам қымызын алып келіп, қонақтарға ұсынып, баптау тәсілдерінің ерекшеліктері туралы айтып беруде. Осылайша, бұл жоба ұлттық дәстүрді ұлықтайтын мәдени оқиға ғана емес, ел көлеміндегі рекордтық көрсеткішке айналды.

Айта кетейік, фестиваль 19-20 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтеді. Қымыздан дәм татумен қатар, келушілер ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, фольклорлық өнерді тамашалап, қолөнер жәрмеңкесін аралап, концерттер мен жылқы көрмесіне қатыса алады.

«BaiQymyz» жобасы – қымыз ішу мәдениетін қайта жаңғыртуды, фермерлік шаруашылықты дамытуды және жергілікті брендтерді ілгерілетуді мақсат етеді.

Фестивальге кіру – тегін.