Қымызға арналған сый – 45 млн теңге: Астанада «BaiQymyz» фестивалі өтеді

Қымызға арналған сый – 45 млн теңге: Астанада «BaiQymyz» фестивалі өтеді

Астанадағы «Қазанат» атшабарында 19-20 шілде күндері қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған ауқымды «BaiQymyz – Бапталған қымыз» гастрофестивалі өтеді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады деп күтіліп отыр. Қонақтар саны 60 мың адамға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальге байланысты 19-20 шілде күндері №18, 37 және 303 бағытындағы автобус қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі. Осыған орай, қала тұрғындары мен қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық тағам мәдениетін қайта жаңғырту, атап айтқанда, қымыз өндірісін ілгерілету және бұл дәстүрді халықаралық деңгейде таныстыру. Фестиваль аясында ең үздік қымыз өндірушіні анықтайтын байқау өткізіледі.

Жеңімпаздар мынадай жүлде қорымен марапатталады:
• І орын – 20 млн теңге;
• ІІ орын – 15 млн теңге;
• ІІІ орын – 10 млн теңге.
Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге.

Фестиваль қазақтың ұлттық сусынын – қымызды денсаулық пен қонақжайлылықтың символы ретінде дәріптеуге, сонымен қатар еліміздегі агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беруге бағытталған.