Байқоңыр ауданының прокуратурасы алты айдағы жұмысының қорытындысын жариялады

Байқоңыр ауданының прокуратурасы алты айдағы жұмысының қорытындысын жариялады

Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, бизнестің мүдделерін қорғау және қылмыс деңгейін төмендету бойынша жұмыс елордада жүйелі және кешенді негізде жалғасуда. Уәкілетті органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық құрылымдардың үйлесімді өзара іс-қимылының арқасында әлеуметтік сала, экономика, құқықтық тәртіп пен инвестициялық тартымдылықты қамтитын бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыс туралы Байқоңыр ауданының прокуроры Ерлан Алмазұлы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері тұрақты бақылауда тұр. Биыл жалпы инвестиция көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрайтын 5 инвестордың мәселелері шешілді. Нәтижесінде шамамен 2000 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл экономикалық өсуді ғана емес, сондай-ақ жергілікті орындарда әлеуметтік мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді.

Жасөспірімдер мен жастардың құқықтық сауаттылығына үлкен көңіл бөлінеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу аясында оқу орындарында 60 дәріс өткізілді, мобильді топтар әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған 35 отбасыны аралады. Өңірдің 40 колледжінде есірткі заттарын заңсыз өткізуге байланысты істер бойынша ашық сот процестері өтті, оларға 1000-нан астам студент қатысты.

Пробациялық бақылауда тұрған адамдарға көмек көрсетуге бағытталған «FSM Social» отбасын қолдау орталығы жобасына ерекше рөл берілген. Бүгінгі таңда 21 сотталған адамға тұрғын үй кезегіне қою, медициналық мекемелерге тіркеу және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша көмек көрсетілді.

Полиция мен коммуникациялық қызметтер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша белсенді ақпараттық науқан жүргізуде. «Дропперлермен» – қылмыстарға ықпал еткен делдалдармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 20 млн теңге өндіріп алынды.

Қылмыс картасы негізінде бейнебақылау камераларына ревизия жүргізілді. Анықталған орындарға жаяу және автопатрульдерді тарта отырып, патрульдеу шаралары күшейтілді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді тәсіл ішкі істер органдарымен және қоғамдық институттармен тығыз үйлестіруде іске асырылатын болады.

Спикердің айтуынша, «Сенім» пилоттық жобасы аясында жазғы лагерьде мектеп оқушыларына буллинг пен эмоционалдық жағдайға қатысты алаңдаушылықтарын анонимді түрде бөлісуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект элементтері бар чат-бот енгізілді. Бұл қауіптерді ерте анықтауға және мамандардың жедел ден қоюына ықпал етеді.

Атқарушылық іс жүргізу бағыты бойынша мемлекет кірісіне 200 млн теңге өндіріп алынды, сондай-ақ 20 млн теңге жалақы бойынша берешек өтелді. Қасақана алимент төлемеушілерге қатысты шаралар қабылданды: 5 адам қылмыстық жауапкершілікке, 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.