Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында 19-20 шілде күндері алғаш рет қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған «BaiQymyz – бапталған қымыз» ұлттық тағамдар гастрофистивалі өтеді. Осы іс-шара аясында «Бие сүті мен қымыз – көшпенділердің денсаулығы мен ұзақ ғұмырының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік гастроэнтерологиялық конференция өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Конференцияны ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы, «Қазақстан Республикасының Еуразиялық гастроэнтерологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі; «A-event.kz» ЖШС ұйымдастырады. Шара аралас форматта (офлайн және онлайн) ұйымдастырылады.
Ғылыми жиын барысында Қазақстан мен шетелден келген гастроэнтерологтар, диетологтар, микробиологтар, этнографтар мен қымыз өндірушілер бас қосып, қымызды емдік құрал ретіндегі қасиетерін ғылыми негізде талдайды.
Фестиваль мен конференция қымыз бен бие сүтін емдік, мәдени және экспорттық тұрғыда дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болмақ. Бұл – ұлттық тағам мұрамызды ғылыммен ұштастыру арқылы заманауи медициналық және экономикалық айналымға енгізудің жаңа кезеңі.
Айта кетейік, ауқымды мәдени-аграрлық іс-шара халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғыртып, халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған. Әр өңірден 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысады. Фестиваль Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналуы көзделіп отыр. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мәдени бағдарламаларға қатыса алады.
Фестивальдің ерекше жүлдесі – «Ең үздік қымыз» атағы үшін жарыс болмақ. Байқау жеңімпаздары қомақты қаржыға ие болады, жүлде қоры – 45 миллион теңге (I орын – 20 млн тг, II орын – 15 млн тг, III орын – 10 млн тг).
Конференцияның мақсаты – бие сүті мен қымыздың емдік, диеталық және оңалту әлеуетін ғылыми тұрғыда зерттеу, оны қазіргі медициналық тәжірибеге енгізу жолдарын қарастыру.