Қазақстанда қосымша білім беру жүйесі жаңа форматқа – ваучерлік қаржыландыруға көшіп жатыр. Бұл жүйеге көшу мектеп оқушылары үшін қосымша білім берудің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру жөніндегі мемлекеттік тапсырма аясында іске асырылуда. Жаңа механизм туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов және Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2021 жылдан бастап елімізде қосымша білім беруге мемлекеттік қаржыландыру тетігінің жұмыс істеуінің арқасында Астананың өзінде 54 мыңнан астам оқушы үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық студияларға тегін қатысу мүмкіндігіне ие болған. Алайда, жобаны іске асыру барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталды: кезектің ашық болмауы, өтінімдердің қайталануы, қызмет жеткізушілердің таңдауының шектеулілігі, сондай-ақ сапаны тиімді бақылаудың болмауы мен бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуы. Осы олқылықтарды жою мақсатында Астана қаласында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық моделі енгізілуде. Бұл жоба қазіргі таңда Қазақстанның алты өңірінде іске асырылып жатыр: Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында.
Жаңа жүйе бойынша әр балаға бір үйірме немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік жасайтын электронды ваучер беріледі. Қаржыландыру тек ата-ананың цифрлық платформа арқылы қатысуды растағанынан кейін, яғни нақты қызмет көрсетілген соң жүзеге асырылады.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сай келетін кез келген ұйым қажетті құжаттар пакетімен цифрлық платформаға қосылып, жүйеге қатысуға өтінім бере алады. Бұл нарықтағы ашықтықты көрсетіп, бәсекелестікті арттырып, өз кезегінде қызмет сапасына оң әсер етеді.
Бұрын балалар жалпы кезекке тұрғызылып, жеңілдік санатындағы балалар қосылған кезде автоматты қайта есептеу болатын, бұл ата-аналардың наразылығын тудырған. Енді балалар санаттары бойынша 12 бөлек кезек құрылады, бұл орын алмасуды болдырмайды және жүйені әділ әрі ашық етеді. Ата-аналар кезек қозғалысын онлайн бақылай алады.
Үйірмелерге ақы тек ата-аналармен расталған нақты қатысудан кейін ғана төленеді. Бұл жалған есептілікті болдырмайды, қызмет сапасы баланың немесе ата-ананың күткеніне сәйкес келмесе, құжаттарды қайта жинамай-ақ жеткізушіні тез ауыстыруға мүмкіндік береді.
Бұрын үйірмелерді қаржыландыру бірыңғай мөлшерлеме айлық есептік көрсеткішке байланған болса, енді әр аймақ өз базалық нормативін өзі бекітеді: жалақы деңгейі, жалға алу бағасы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктер ескерілген. Бұл шешім бюджет қаражатын неғұрлым дәл бөлуге мүмкіндік береді.
Астана қаласы әкімдігі атап өткендей, пилоттық жоба тәжірибелік-эксперименттік форматта жүзеге асырылуда және оның қорытындысы бойынша қолданыстағы нормативтік актілерге өзгерістер енгізілетін болады. Қазірдің өзінде жеткізушілер мен ата-аналардан кері байланыс жинайтын жұмыс тобы құрылған.
14 шілдеден бастап Астананың барлық алты ауданында ата-аналар, жеткізушілер және заңды өкілдер жаңа жүйе туралы толық ақпарат ала алатын кеңес беру пункттері жұмыс істейді:
• Алматы ауданы – Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы (Б. Момышұлы даңғылы, 5);
• Байқоңыр ауданы – №1 Өнер мектебі (Абай көшесі, 74) және №3 Балалар музыка мектебі (Бейісқожаев көшесі, 3);
• Есіл ауданы – №2 Өнер мектебі (Достық көшесі, 13);
• Нұра ауданы – №85 мектеп-лицей (Қабанбай батыр даңғылы, 56);
• Сарыарқа ауданы – М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы (А. Мәмбетов көшесі, 1);
• Сарайшык ауданы – №83 мектеп-гимназия (Байтұрсынов көшесі, 35).
Кеңес беру пункттері күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.