«Мерейлі отбасы – 2025»: елордада үздік отбасылар анықталды

«Мерейлі отбасы – 2025»: елордада үздік отбасылар анықталды

Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. Биыл көпсатылы іріктеуден өткен 19 отбасы үздіктер қатарынан көрінді. Олардың барлығы бағалы сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгеден асты.

Бас жүлде мен 1 миллион теңгені Айтқожиндер отбасы иеленді.

«Мерейлі отбасы» байқауы туралы жаңалықтардан, әкімдік сайтынан, сондай-ақ мектеп пен жұмыстан білдік. Біз – үлкен, тату отбасымыз, 8 баламыз бар. Балалардың бәрі қуана қатысты. Өзім «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерімін. Отбасымызда көптеген мақтау қағазы, дипломдар, медальдар бар», – деді Айнаш Айтқожина.

Отағасы – қоғам белсендісі, «Хаджнама. Қағбаға ұзақ жол» және «Жастық шағымның оқиғалары» кітаптарының авторы. Ол сондай-ақ «Қамқор әке» ретінде Әкелер одағынан медальдармен марапатталған. Ерлі-зайыптылар белсенді әрі жасампаз өмір салтын ұстанып, балаларын жауапкершілікке, еңбекке және отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді.

«Біз үнемі марафондарға қатысамыз: әкеміз 42 шақырым жүгірсе, мен 21 және 10 шақырым қашықтықты бағындырамын. Екеуміз де күміс медальдарға ие болды. Сол сияқты экстремальды атлетика сериясы аясындағы күзгі, қысқы және жазғы жарыстар қорытындысы бойынша «Солтүстіктің патшасы мен патшайымы» атағын иелендік», – деп бөлісті Айнаш Айтқожина.

«Бұл – ұлттық байқау, осымен он бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Астанада байқау аудандық кезеңнен басталып, кейін қалалық деңгейде өтті. Алдағы уақытта республикалық деңгейде жалғасады, бұл кезең шамамен жаздың соңында өтеді. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Биыл қаланың әр ауданынан 35-тен 50-ге дейін өтінім келіп түсті. Комиссия әр ауданнан төрт үлгілі, өнерлі отбасыны іріктеп, қалалық деңгейде түрлі номинациялар бойынша лауреаттарды анықтады», – деді байқау үйлестірушісі Елена Ленчук.

Байқауға қатысу үшін жалпы 255 өтінім келіп түсті, бұл елорда үшін рекордтық көрсеткіш болып отыр. Әр отбасы өз тарихын, дәстүрін, жетістіктерін және мақтан тұтатын құндылықтарын ұсынды.

Бірінші кезеңде аудандық комиссиялар төрт отбасыны іріктеп, кейін қалалық деңгейдегі комиссия «Жас отбасы», «Интернационал отбасы», «Тату отбасы», «Спорттық отбасы» және басқа да номинациялар бойынша 12 лауреатты анықтады.

Іріктеу кезінде қоғамдық өмірге қатысуы, еңбек әулеттері, спорттағы, білім беру мен шығармашылықтағы жетістіктері, отбасылық дәстүрлерді сақтау және бала тәрбиесі сынды критерийлер ескерілді.

Биыл іріктеу барысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы кәсіп иелеріне де баса назар аударылды.

«Байқау шарттарына сәйкес, отбасылар өтінімдерін 15 мамыр мен 15 маусым аралығында ұсынды. Құжаттармен бірге қатысушылар портфолио, видеопрезентациялар, алғыс хаттар, отбасыларының түрлі саладағы белсенділігі мен үлесін растайтын дипломдарды жолдады», – деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жобаларының үйлестірушісі Шыңғыс Шопанұлы.

Байқаудың басты мақсаты – салауатты отбасылық қарым-қатынасты насихаттау, отбасы институтын нығайту және оң үлгілерді көрсету.

Қалалық кезеңнің жеңімпазы енді «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының республикалық финалында Астананың атынан қатысады.